Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған болатын. Автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы 34 елді мекен (халық саны-51426) табиғи газбен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Осы мақсатта 2022 жылы 13 елді мекеннің газ құрылысы аяқталған. Оның ішінде, 12 елді мекен (халық саны-20759) аудан халқының 40,2 пайызы табиғи газға қосылды. Бұдан бөлек газдандыру жұмыстары жалғасын тауып келеді.
Бүгін Қарғалы ауылдық округіне қарасты Қарғалы елді мекені тұрғындарына көгілдір отын пайдалануға берілді. Халықтың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, пікірлесті.
– Ауыл-аймақ тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жобалар қолға алынған. Жол жөндеу, ауыз су және табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Тағы бір ауыл «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Құтты болсын! Ендігі кезекте тұрғындарды кәсіпкерлікке тартуға күш салған жөн. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы да қолдау бар. Бос жатқан жерді тиімді пайдаланып, түрлі жобаларды жүзеге асыру керек – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуге аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, мердігер компанияның басшылары, жауапты сала мамандары қатысқан шарада ауыл ақсақалдары игі жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына ақ баталарын берді.
Аталған елді мекенді газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталды. Мердігер мекеме – «Жылуэнергоремонт» ЖШС. Ұзындығы 17,184 шақырым болатын газ құбырының құрылысына республикалық бюджеттен 192,88 млн. теңге бөлінді. Абонент саны – 113. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімі аппараты тарапынан жеке тұрғын үйлерге газ құбырларын монтаждау жұмыстары жүргізу туралы түсіндірме жұмыстары атқарылды. Демеушілер қаражаты есебінен аз қамтылған отбасының баспанасына монтаждау және құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, 2023 жылы 9 елді мекенге табиғи газ берілген жағдайда жалпы 16223 халық қосымша табиғи газға қосылып, аудан халқының 72 %-ы табиғи газға қосылуға қол жеткізеді. Олар: Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария, Отырар.
Сырдария өзенінің батыс бөлігінде орналасқан 12 елді мекенге (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл) газ жеткізу мақсатында 13 жобаға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 15302 халық табиғи газбен қамтылып, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99%-ды құрайды деп күтіліп отыр.