Жолдардың сапалы болуы көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобильді болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашады. Осы негізде ауданда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі осынау маңызды бағытқа айрықша назар аударып, тиісті тапсырмаларын беруде.
“Нұртас-Шорнақ-Бабайқорған” автомобиль жолы облыстық маңызы бар жолдар санатына жатады. 2022 жылы басқарма тарапынан орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда, қатты жауын шашынның салдарынан жол беті мен жол жиегіне су жиналу байқалған. Осы негізде, демеушілер есебінен жол жиегіне темір бетон арығы салынып жатыр. Қажетті жабдықтары жеткізіліп, орнату жұмыстары жүргізілуде. Қараша айының соңында дейін темір бетон арығы орнатылып, аяқталатын болады.
Түркістанда 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би – О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады.
Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымының дайындығына баға берді. Құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.
Жалпы Түркістан қаласында қазіргі таңда 875 көше бар. Барлығын қосқанда 800 шақырымдай. Ол көшелердің 38,3 пайызында асфальт жабындысы бар болып табылса, 57,4 пайызы тас жолдар. 2022 жылы қала аумағындағы 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ, былтыр қала аумағындағы халық сұранысына ие болған, қала тұрғындарының әлеуметтік нысандарға, оның ішінде мектеп, балабақшаларға баруын қауіпсіз етуге арналған жолдарды қамтамасыз ететін 64,5 шақырымды құрайтын 54 көшеге аяқжол құрылысын жүргізілді. Алдағы уақытта облыс мәртебесін алғаннан кейін автокөліктердің көбеюі және тұрғындардың дені веложолды пайдалануына байланысты бұл мәселеге орташа жөндеулер кезінде қайта оралуға болады. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің алты сектордағы тұрғындармен кездесу барысында бұл мәселе көтерілді. Ал, бірақ бюджеттен қаржы бөлінуі үшін бірер көшемен шектелмей, бұл мәселені ондағын көшені кешенді түрде қарап, толыққанды шешудің жолдарын ойластырылды.
Қазіргі таңда қала аумағындағы 393 көше сапалы жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл жалпы жарықтандырылған көшелер үлесімен есептейтін болсақ 44,9%-ды құрайды. Алайда, қалаға көшіп келушілердің көбеюі мен бұрын кезінде сол шағын аудан тұрғындарының қаржы жинауымен салынған трансформаторлардың күші жетпейтіндігі белгі болып отыр. Бұл мәселе бойынша да, кешенді шаралар қарастырылуда. Мәселен, былтыр Түркістан қаласы аумағында 176,4 шақырымды құрайтын 142 көшеге жарықтандыру жүйесінің құрылысы жүргізіліп, толығымен іске қосылды. Нәтижесінде, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесі 61,1%-ға жетіп отыр. Сонымен қатар, 2023 жылдың соңына дейін қосымша 223 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары «Бірлік» тұрғын алқабына қарасты 33 көшеде жүргізілуде.
Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау имаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді.
Бұл Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысандарға 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су насос станциялары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа насос қондырғыларымен, желдеткіш қондырғыларымен қамтамасыз етілуі қажет. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-Су» МКК-нан қамтамасыз етіліп отыр.
Ал, жалпы Түркістан облысында биыл 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов айтты. Оның сөзінше, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің жалпы ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі өткен жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 92%-ға жетті. 2022 жылы облыста 120 қоғамдық көлік жаңартылған. Оның 37-сі – жаңа қоғамдық көліктер. Түркістан қаласында тасымалдаушылар есебінен 28 жаңа автобус сатып алынған. Облыстағы ескі қоғамдық көліктердің үлесі 49,4%-дан 47,4%-ға азайды. Сондай-ақ, 13 тұрақты бағыт ашылды. Оның 2-і – ауданаралық, 4-і – қалаішілік, 7-і – ауданішілік.