Қазығұрт ауданындағы 62 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде 38 елді мекенінде 24 сағат ауыз су берілетін болса, 19 елді мекенінде уақытпен, 3 елді мекені бұлақ көзінен ауыз су пайдаланады.
Тіршілік нәрін уақытпен қолданып келген Қызылдихан елді мекені енді ауыз суды тәулік бойы пайдалана алады. Елді мекендегі ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары 2022 жылы басталған. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталған ауыз су құбырынан 430 шаңырақ таза ауызсу тұтынады. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы келіп, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Қазіргі таңда уақытпен су ішетін елді мекендерді толыққанды тіршілік нәрімен қамтудың кешенді картасы бекітілген. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін Өгем өзенінен бастау алатын магистральды ауыз су құбырының құрылысы басталады. Ауқымды жоба Қазығұрт ауданынан бөлек, Сарыағаш пен Келес, Мақтаарал мен Жетісай ауданы тұрғындарын да сапалы ауыз сумен қамтуға қауқарлы.
Тіршіліктің бастауы болған қасиетті Қазығұрт ауданының өндірісі өркендеп, инфрақұрылым жаңарып келеді. Аталған өңірде туризмді дамытуға барлық алғышарттар бар. Аңызы да, тарихи дерегі де, тауы да, табиғаты да осы саланы дамытуға сұранып тұр.
Бүгінде аудан аумағында жемісті жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар аз емес. Ауыл шаруашылығы саласында да мүмкіндігі мол. Бұл ретте тарихи өлкенің бірлігі мен тірлігі жарасқан, еңбекқор халқы елдің дамуына елеулі үлес қосуда.
Былтыр аудан тұрғындарымен 2 есепті кездесу өтіп, сол кезде ауданның маңызды 16 мәселесі көтеріліп, оның ішінде, 9 мәселе өз шешімін тапқан.
Тарқата айтқанда, Тұрбат елді мекеніндегі 200 орындық «Ақпарақ» мектебінің құрылысы аяқталып, биылғы 15 қаңтарда пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында осы елді мекендегі Атамекен, Бастау, Кенжеғұлов, Мұратов, Достық, Көктем, Тұрсынқұлов, Байтемірұлы көшелерін орта жөндеуге 430 млн. теңге қаралып, пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, «Ақбура» бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасының құрылыс жұмыстарына 300 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Жеңіс елді мекеніне Ұя өзенінен өтетін көпірді күрделі жөндеу үшін 2022 жылы 167,3 млн теңге қаралып, жұмыстары жүргізілуде. Биыл маусым айында пайдалануға беріледі. «Жігерген-Көкібел» автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстарын бастау үшін бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жоспарлануда. Аталған бағдарламаны пилоттық режимде Шарбұлақ, Шанақ ауыл округтерінде іске асыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, ауданда денсаулық сақтау саласы мен ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал ауыл шаруашылығы саласында былтыр 67 млрд. теңгеге өнім өндірілген. Оның ішінде, мал шаруашылығы 39,5 млрд. теңгеге, егіс көлемі 91,2 мың гектарға орналастырылып, өсімдік шаруашылығының өндірілген өнімі 27,5 млрд. теңгені құрады.
Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Қазығұрт ауданы бойынша былтыр 1 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша былтыр 6 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды.