Сарыағаш ауданында орталық мешіт күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Ғибадат үйінің сыйымдылығы 1500 адамға арналған. Өткен жылдың шілде айында басталған жөндеу жұмыстары бүгінде заман талабына сай етіп жасалған.
Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, аудан әкімі Арман Абдуллаев, ауданның төбе биі Рахымберді Оспанов аудан халқын құттықтап, қызыл лентасын қиды. Сондай-ақ ел азаматтары және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен тұрғындар қатысты.
Шараға қатысушылар құлшылық үйін күрделі жөндеуден өткізіп, елдің игілігіне табыстаған демеушілерге шынайы алғыстарын білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.
Бүгінгі таңда, күрделі жөндеуден өткен мешіттің айналасы электр шамдармен жарықтандырылып, жеке жылыту газ қондырғысы орнатылған. Нысанның ішкі, сыртқы қасбеті жаңартылып, құлшылық үйінің ішіндегі ұлтымыздың бағзы ою-өрнектер көркемделген.
Айта кетейік, жалпы ауданда 90-нан астам мешіт бар.
Сондай-ақ,бұл күні Арыс қаласында жалпы халықтың қаржылай қолдауымен және сауапты іске жұмыла қалатын жомарт жандардың демеушілігімен сәні мен сәулеті жарасқан зәулім мешіт ашылды.
Бір мезетте 2000 адам құлшылық жасай алатын ғибадатхананың ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, мешіт салуға атсалысқан кәсіпкерлер мен тұрғындар және қадірлі қонақтар қатысты.
Салтанатты жиын ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфтидің бұйрығымен жаңа мешіттің имамы болып тағайындалған Берік Үйсінбаев қасиетті Құран Кәрімді тиләуат етуімен басталды.
Бұдан кейін, еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мешітке құран кітап сыйлады.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мешіттің салынуына үлес қосқан азаматтар мен кәсіпкерлердің ұйымшылдық көрсетіп, аз уақытта мешітті тапсырып отырғанына алғыс айтты. Мешіт жастарға имани тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналады деп сенім білдірді.