Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында «SERT» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тігін және жиһаз цехы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Жеке кәсіпкер Сәбит Сансызбаев жаңа цехты іске қосуға өз есебінен 120 млн. теңге қаражат жұмсаған. Жыл басынан бері жиhаз және тігін цехында 1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Мұнда 30-дан астам жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Жұмысшылардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды.
Аталған нысанға арнайы барған аудан әкімі Төлеген Телғараев жиhаз жасайтын цехты аралап көріп, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Мекеменің 2 өндірістік цехы бар. Атап айтсақ, жиһаз және дәнекерлеу. Одан бөлек, тігін шеберханасы жұмыс істейді. Барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Жылына 5620 дана – мектеп жиһазын, 2863 дана – офистік жиһаз шығаруға қауқарлы. Цехта арнайы қызметтік жейделер мен костюмдер тігіледі.
Айта кетейік, «SERT» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2020 жылы құрылған. Қазіргі таңда өндірістік цех, отандық офистік жиһаздарын өндіруде. Мүгедектер қоғамдық бірлестігіне өндірістік индустриалды сертификаты, ST-KZ сертификаттары, Еуропалық экономикалық одақтың сәйкестік сертификаттары берілген. Мекеме сонымен қатар «ҚР Жиhаз жасаушылардың гилдиясы» ЗТБ мүшесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еліміздегі еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде жаңадан жұмыс орындарын ашу, мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекпен азаматтардың қамтылуы, жалпы әлеуметтік бағдарламалардың нәтижелі орындалуы бойынша Үкіметке пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Атап айтқанда, еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс-шаралар қарастырылған.
«Еңбек» бағыты бойынша 4217 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Оның 2650-і тұрақты қызметке орналасқан. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 944 адам оқып, сертификат алды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасына сай 1101 жаңа жұмыс орны ашылды. «Жастар практикасымен» жаңадан оқу орнын бітіруші 215 маман, қоғамдық жұмыс орнына 936 азамат жолдандыАл аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті көрсету мақсатында жалпы 631 отбасыға 232 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 90 адамға бөлініп, 124 млн. теңге төленді. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Айта кетейік, жоба аясында аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беріледі.