Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай және «АLTYN KÚZ – 2023», «Қала күні» мерекелік іс-шаралары аясында Жетісай қаласындағы «Жеңіс» алаңында Жетісай ауданы әкімдігінің қолдауымен «Оқырман ұлт» тақырыбында кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.
Кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, жаңа кітаптармен таныстыра отырып азаматтар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға «QAZYNA», «ОТБАСЫ хрестоматиясы», «Olja Peak», «MARFU book», «MAZMUNDAMA», «Qasym kitaphanasy», «KitapAl», «Steppe&world», «Ziyat», «Qyr Balasy» секілді Алматы қаласынан шақырылған 10 баспа түрлі жанрларда жазылған 15 мыңнан астам кітапты көпшілік назарына ұсынды.
Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу дәстүрін жаңғырту мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Құдиярмен, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін қалаушы, шығыстанушы, логотерапевт, «Бейсен және болмыс», «Өмірге ғашық болу», «Өркениетті адам» кітаптарының авторы Санжар Керімбаймен және «Кітапты не үшін оқимыз?», «Жылдам оқу», «Мінезді өзгерту алхимиясы», «Әдет күші», «Супержады» кітаптарының авторы Мирас Кесебаевпен кездесулер, кітап пен кітап оқу туралы танымдық дәрістер өткізілді.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев биыл өңірдегі кітап саласына ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік аудандық кітапхана» (Келес ауданы) мен «Ең үздік ауылдық кітапхана» (Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылы) номинациясын жеңіп алған кітапхана басшыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатымен марапаттап, арнайы сый-сыяпат табыс етті.
Айта кетейік, кітап жанашырларының аталған акцияға қатысуларына толық мүмкіндік бар. Акция жыл көлемінде жалғасады. Мақсат етілген 20 мың кітапты жинап, 17 аудан, қалаға өз деңгейінде көпшіліктің оқуы үшін бөліп беру жоспарлануда.