Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Шардара ауданында жаппай сенбілік өтті. Сенбілікке аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен еріктілер атсалысты.
Одан бөлек техникалар да жұмылдырылды. Жалпы 25 техника, 9000-ға жуық адам қатысты. Нәтижесінде жол жиектері және арық жүйелері қатты қалдықтардан, арам шөптерден тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен 200 тоннаға жуық қоқыс жиналып, полигондарға тасталды.
Сенбілікті ұйымдастырушылар бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтты.
Қазіргі таңда облыс көлемінде сенбілік жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Алдымен аудан, қалалық жастар ресурстық орталығының басшылары және орта арнаулы оқу орындарының студент көшбасшы жастарының қатысуымен «Туған өлкенің табиғатын таза ұстайық!» атты тақырыпта сенбілік өтті. Қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен шараға 100-ге жуық жас қатысып, айналаны қоқыстан тазартты.
Сенбіліктен соң қызметкерлер, жастар ортасында берік достық қарым-қатынасты және өзара көмек көрсету принциптерін құру мақсатында «Қызықты көңіл, студенттік өмір!» атты тақырыпта тимбилдинг өтті. Қатысушылар екі топқа бөлініп, өзара сынға түсті. Шыдамдылығы мен алғырлығын, жылдамдығын сарапқа салатын ойындар ойнатылды. Барлығы 5 кезеңнен тұратын ойын жастар үшін қызықты әрі тартысты болды. Команда мүшелерінің бір-бірін қолдауы және түсіністік танытуы алға ұмтылуға себепші болды.
Тимбилдинг — ұйымшыл ұжым қалыптастыруға, команданың әрбір мүшесі өз орнын табуға және қабілетті барынша дамытуға жағдай жасайтын қазіргі заманғы тәсілдердің бір түрі. Тимбилдингтің барлық түрі еркін, бейресми қарым-қатынас жасауды, командада жұмыс істеуді үйретеді және корпоративтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.