Сарыағаш қаласы, Созақ көшесіндегі, Кескент каналының үстінен өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Шараға аудан басшысы Арман Абдуллаев, қала әкімі Мұхит Досполов, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Арман Абдуллаев көпірдің салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеп, арнайы лентасын қиып, ашып берді.
– Бұл көпір халықтың көптен бергі сұранысы бойынша салынып, тұрғындардың өту қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көпір құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізгені үшін мердігер мекеме басшысына алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Бірнеше жылдан бері көтеріліп келген мәселеге нүкте қойылып, қолайлы жағдай жасалғанына қала тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына ақ батасын берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда аудан көлемінде жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру, аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажеттілігі, өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсілдер еліміздің дамуы үшін өте маңызды екені айтылған еді. Сондай-ақ Президент инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керектігін, әрбір аймақ өзінің әлеуетін ескеріп, инвестиция бағыттау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Бұл орайда Түркістан облысында индустриалды аймақтарға инвестиция тарту жұмыстарына ерекше мән беріліп жатыр. Өңірде қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген 9 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 88,2 млрд теңгені құрайтын 74 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Осы жылдың 10 айында индустриалды аймақтарға 46 млрд теңгеге инвестиция тартылды.