Отырар ауданында «Ветеринария саласын жетілдіру – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі» атты өңірлік семинар-кеңес өтті. Жиынға Жамбыл, Қызылорда облыстарынан және Шымкент қаласынан сала басшылары мен мамандар қатысты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы іс-шараны ашып берсе, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Алтынбек Үркінбаев ветеринария саласына қатысты заңдағы өзгерістер мен қабылданатын жаңа реформалар жайында баяндама жасады. Сондай-ақ, Түркістан облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай басқарманың атқарған жұмыстарына тоқталды.
– Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ветеринария саласын жетілдіру үшін республикамызда алғашқы рет пилоттық жоба ретінде Түркістан облысында орталықтандырылған «Ветеринариялық қызмет» мекемесін құру бойынша облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Бұл аудан-қалалардағы 17 «Ветеринариялық қызмет» орталықтарын оңтайлы басқару мен бақылау жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді. Биыл ветеринарлардың жылдық жалақы қоры мен іс-шараларды атқаруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 4 млрд. 389,2 млн теңге бөлінсе, Мемлекет басшысының ветеринария саласын жетілдіру, мамандардың еңбекақысын ұлғайту тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 514,3 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, ветеринарлардың жалақысы 35-50%-ға көтерілді, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Одан бөлек, шара барысында ветеринария қызметкерлерінің жеке бірегей киім үлгісі таныстырылды. Оның ерекшелігі – енді азаматтар ветеринардың киімінің кеуде тұсындағы QR код арқылы маманның жұмысына баға бере алады. Жиын соңында сала қызметкерлері «Ветеринарлар аллеясына» тал отырғызды.