Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы Түркия астанасы Анкарада көрерменнің көзайымына айналды. Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы және ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына орай Жетісай драма театры заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады.
«Көкту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен өткен қойылымды тамашалауға ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері, қазақстандық азаматтар қатысты.
Жетісай театрының әртістері қойылымда қазақ халқының бай дәстүр-салтын, өнерін, әзіл-қалжыңын, мінезін барынша мол бояуымен беріп, түркиялық театрсүйер қауымға жоғары деңгейде жеткізе білді. Әсіресе қазақ театр ұжымының сахна безендіруі, актерлердің киімдері, сахнаны қолдану ерекшеліктері көрерменді тәнті етті.
Айта кетейік, іссапар аясында театр ұжымы ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуфпен кездесті. Театр әртістеріне ұйым атынан арнайы алғыс хат табыстады. Шығармашылық топ Анкара сапары шеңберінде Түркияның бас қаласының тарихи және мәдени орындарын аралады.
Театр өнерінің ішінде бізге атауы ертеден-ақ таныс болғанымен елімізде бұған дейін қолға алынбаған сала бар, ол – көше театры. Аты айтып тұрғандай мұнда қойылымдар далада, ауқымды кеңістіктерде, мереке-жиындарда көрсетіледі. Тарихы тереңде жатқан көше театрларының бастауы сонау б.д.д. Грекиядағы Дионис құдайдың құрметіне арналған салтанатты мереке, сондай-ақ Шығыс елдерінің ұлттық дәстүрлерінен туындаған ең алғашқы қойылымдары еді. Сол сияқты Қайта өрлеу дәуіріндегі карнавалдық мерекеден дамып, өзінің ерекше формасымен танылған италиялық комедия дель арте театры көше театрына жатады. Өткен ғасырлардағы қазақ топырағында орын алған көші-қон кезіндегі салттарда да, сал-серілердің өнерінде де көше театрларының элементтері мол. Жалпы, қалыптасу тарихының алғашқы күндерінен-ақ әрбір ұлттың кәсіби театрының дүниеге келуіне ықпал еткен театрдың бұл түрі қазіргі уақытта өнердің бір саласы ретінде кеңінен дамыған. Бүгінде көптеген елде көше театрлары фестивалін өткізудің қолға алынуы да сондықтан. Яғни променад, флешмоб, хэппенинг, site-specific, энвайронмент, боди-арт сияқты түрлі жанрлар мен бағыттарды бойына жиған бұл өнерде көшелерде, зауыт-фабрикаларда, базарлар мен белгілі бір кеңістіктерде өнер көрсету арқылы халықтың өнерге деген қызығушылығын тудырып, сол халықпен тығыз қарым-қатынас жасауға мүмкіндік мол.