Жауаптыларға тапсырмалар жүктелді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аудандарға жұмыс сапарымен барды. Алдымен Сарыағаш ауданына ат басын бұрып, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысын аралап көрді. Дербісек ауылдық округіндегі №22 Елшібек батыр атындағы жалпы білім беретін мектеп 1969 жылы салынған. Мұнда 101 мұғалім, 22 кіші қызметкер жұмыс істейді. Екі ауысымда 900-ден астам оқушы негізгі мектеп типтік ғимаратта және ыңғайластырылған бастауыш ғимаратта білім алады. Сараптама қорытындысына сәйкес, негізгі типтік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыс жобасы бекітілді. Үлкен мектептің материалдық жағдайы орташа, жылу жүйелері ескірген, едендері тозған, ішкі және сыртқы қабырғаларына толық жөндеу жұмыстарын жүргізуді, ғимарат шатырын ауыстыруды қажет етеді. Сыныптарға қажетті материал құрал-жабдықтар да ескірген. Таяуда жөндеу жұмыстары басталады. Сондағы мердігерлермен кездесіп, сапалы етіп атқару тапсырылды. Ең бастысы мерзімінен кешіктірмей, тамыз айының соңында аяқтау міндеттелді. Әрі қарай Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Республикалық бюджет есебінен қажетті қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурс нәтижесі бойынша мердігер анықталып, келісім шарт түзілді. Бүгінде орталық 100-ден аса адам тартылып, құрылысы белсенді жүргізілуде. Биыл сәуір айында күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Іссапар Сайрам ауданында жалғасты. Онда аудандық «Қарабұлақ» ауруханасының ғимаратымен танысты. Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Биыл дайын болып, конкурс рәсімдері өткізілген соң, жөндеу жұмыстары басталады. Келесі жылға өтпелі. Жалпы биыл облыс бойынша 8 ауруханаға күрделі жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Қарабұлақ соған енеді. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға тиісті құжаттарды дайындап, мерзімінде конкурсқа ұсынуды тапсырды. Содан соң Қарабұлақ ауылында орналасқан Жамбыл атындағы жалпы орта мектебіне барды. 904 оқушы орынға арналған мектеп 1968 жылы салынған. Қазіргі таңда аталмыш мектепте 1435 оқушы білім алуда, алдағы оқу жылдарында мектеп 3 ауысымға өту қаупі бар. Жалпы орта мектебіне қосымша 500 орындық қосымша оқу корпусы, спорт зал, шеберхана, асхана, кітапхана құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы жасалынып, сараптау қорытындысы алынған. Жамбыл мектебіне 500 орынды қосымша ғимарат салу құжаттары дайын. Оны республикалық «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорына жолдайтынын жеткізді. Министрлік құжаттарды қарап шыққан соң қолдау білдірсе, биылға қаржы бөлінеді Іссапар барысында Бейсен Дәулетұлы қос ауданда да қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық қатынастар мәселелері туралы мәжіліске қатысып, өзекті проблемаларды талқылады. Жауаптыларға тапсырмалар жүктелді.