Елімізде 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 725 қаулысымен бекітілген болатын. Аталған жобаны іске асыруға бюджеттен 3,6 трлн. теңге бөлу жоспарлануда. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету.
Бұл жобадан күтілетін әлеуметтік әсер – азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту, халықтың көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 2020 жылғы 53,3 %-дан 2025 жылы 80 %-ға дейін арттыру болып табылады.
Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады: бірінші бағыт – қолжетімді және сапалы медициналық көмек; екінші бағыт – эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру; үшінші бағыт – отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары; төртінші бағыт – саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру еліміздің әр өңірінде кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Атап өтер болсақ, өткен жылдың өзінде Түркістан облысы бойынша жоба аясында ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту, оның ішінде ауылдық елді мекендерде, тірек және спутниктік ауылдарда фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу бойынша 2022 жылға 11 нысан жоспарланды. Бүгінде Ордабасы ауданындағы Бірлік ФАП ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2023 жылы тағы да 4 фельдшерлік пункт құрылысы жүргізілуде.
Ғимараттарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру бойынша басқармаға қарасты 5 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
«Жедел жәрдем» қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында КАТКО қорының демеушілігі аясында Түркістан қаласында 25 бригадаға арналған «жедел жәрдем» стансасының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Түркістан қаласында заманауи перзентхана салу үшін Біріккен Араб Әмірлігімен екі жақты келіссөздер жүргізілуде.
Айта кету керек, 2023 жылы Түркістанда «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Жаңадан бой көтерген орталық соңғы заманауи технологиялармен жабдықталып, жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдап, ем-дом көрсетеді.
Сонымен қатар, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендердің халқына консультациялық-диагностикалық қызметтер заманауи құрал-жабдықтары бар жылжымалы медициналық кешендер арқылы көрсетілуде. Бүгінде осы мақсатта Түркістан облысына 3 КамАЗ және 12 автобус түріндегі жылжымалы кешен 150 ауылдық елді мекенді қамтамасыз етіп, халыққа медициналық қызмет көрсетіп жатыр. Жыл басынан бері онымен 181 242 тұрғын қамтылды.
Түркістан облысына қарасты медициналық ұйымдарда 5 481 дәрігер және 19 191 орта буын маман қызмет атқаруда. Дегенмен де, бұл білікті мамандар жеткілікті деген сөз емес. Қазіргі таңда, аталған салада дәрігерлер тапшылығы 258 маманды құрап отыр. Әсіресе кардиолог, невропатолог, оторинларинголог, ересектердің анестезиолог-реаниматологы, педиатр, окулист, онколог, акушер-гинеколог, неонатолог, нефролог, инфекционист, жедел жәрдем дәрігері, фтизиатр, травматолог, зертхана дәрігері, офтольмолог, патологоанатом, дерматовенеролог, ревматолог көп керек.
Облысты медицина кадрларымен қамтамасыз ету деңгейіне келсек, дәрігерлер 26,4%, орта буын мамандар 92,5%-ды құрайды.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы есебінен 2022 жылдың 6 айында 593 маман білімін жетілдірді.
2022 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджет есебінен 593 маман, оның ішінде ағымдағы жылы наурыз айында облыстың медициналық ұйымдарынан 30 невропатолог, реабилитолог маман Санкт-Петербург мемлекеттік медициналық университетінде «Пәнаралық инсультпен ауыратын науқастарды оңалту тәсілі» тақырыбында өткен семинар-тренингке қатысып, біліктіліктерін көтерді.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы «University Medical Center» корпоративтік қоры орталығында, Астана медицина университеті, Алматы қаласындағы А.Н.Сызганов атындағы ұлттық ғылыми хирургия университеті және Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетінің оқу орталықтарында 9 маман – эндоскопист, травматолог-ортопед, анестезиолог-реаниматолог, хирург және ультрадыбыстық зерттеу дәрігерлері тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдірді.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмектің жалпы көлемінде амбулаториялық деңгейде медициналық көмектің көлемін кеңейту 63,6%-ға жетті. Оның ішінде жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту мақсатында, жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту 83%-ды құрады.
Ұлттық жобаның негізгі басымдығына сәйкес, халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін облыста жоспарланған іс-шаралар, міне, осылайша тұрақты жүзеге асырылып келеді.