Өткен жылы өңірде 50 000 астам қаңғыбас ит пен мысық ауланды ауланды.
Өткен жылы Түркістан облысында 6425 адам түрлі жануарлардан жарақат алған. Оның ішінде 5310 адамды ит тістесе, 694 адам мысықтан, 46 азамат ірі қара малынан зардап шеккен. Дегенмен, өңірде құтыру аурына шалдығу жағдайы тіркелген жоқ.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 49 996 бас қаңғыбас ит пен 1798 мысық ауланған. Ал, биылғы жылы 41 280 қаңғыбас ит пен мысықты аулап, жою іс-шаралары жүзеге аспақ.
Эпидемиолог мамандар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмес үшін, қолдағы жануарларды уақтылы мал дәрігерлеріне көрсетіп, ауруға қарсы вакцина салдыру керектігі туралы кеңес береді. Ең бастысы, мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды адамдардан аулақ ұстау керек.
«Құтыру ауруының вирусы ауру жануарлардан тістеу, тырнау кезінде сілекей арқылы адамның тері қабатына енеді. Сосын жүйке талшықтары мен жұлын миына жеткен вирус адам өміріне қауіп төндіреді. Құтыру ауруына шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп, тыныс алу мен жұтынуы қиындайды. Науқас суды көргенде немесе оны ойлаған кезде жұтқыншақ пен көмекейдің спазмалары ашылып, ауаның қозғалысынан, жарық шамының әсерінен, қатты дауыс, шуылдың әсерінен ұстамалары ұстай бастайды», – деді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов.
Егер қаңғыбас итті көрсең немесе жарақат алсаң, 112 нөміріне қоңырау шалып, полиция шақыру қажет. Сілекейі тез сіңіп, із қалмаса, тістеп алғанын дәлелдеу қиын. Иттің иесі жауаптан оңай құтылып кетуі мүмкін. Ит – адамның серігі әрі көмекшісі. Өкінішке қарай, кейде достыққа сызат түсетіні бар. Әсіресе, қалалық жерде иттер адамдарға жиі шабуылдайды. Ит адамға себепсіз айбат көрсетпейді. Жолда итті көрсең, мазақ етіп, оның көзіне қарама, күлме. Өйткені жануарлар әлемінде көзбен көру шабуылға, қарсыласты күресуге шақыруды білдіреді. Күліп, бетке басқа эмоцияларды көрсетпеу керек.Қаңғыбас иттерден қорқудың қажеті жоқ. Тек жақындама. Олар әрқашан аумағын қорғайды. Оның міндеті – қорғау. Иттер негізінен қорыққан әйелдер мен балаларға шабуыл жасайды. Адам қашып кеткенде иттер оны өзінің нысанасы деп санайды. Егер иттің шабуыл жасайтынын көрсең, не істейсің? Тоқтап, қатты дауыспен: «Тұр!», «Отыр!», «Уф!», «Әкел, апар!» деп бұйрық бер. Бұл бұйрық итті шатастырады.
Қолыңды жоғары көтермеуге тырыс. Кез келген затты итке қарай лақтыр. Ең қауіптісі, иттің еңкейгені. Бұл оның секіруге дайындығын көрсетеді. Мойынды қорғау үшін иекті кеудеге қысып, қолыңды алға соз. Ит жаяу жолаушыны байқамауы мүмкін. Иттер тобын көргенде оларды арандатып, дереу қашып кетпе. Тыныш жүріп өтсең, жануарлар адамға ешқандай реакция жасамайды. Қаңғыбас иттер әдетте қоқыс жәшігі немесе азық-түліктің маңында жүреді.