Түркістан өңірінде жаңадан бой көтерген жедел медициналық жәрдем станциясы 100 пайыз цифрлық жүйеге қосылған. Медициналық жедел жәрдем орталығы жылына 70 000 – ға жуық шақыруға шыға алады.
Түркістан облысында медицина саласында істеліп жатқан жұмыстар жеткілікті. Жаңа нысандар салынып, дәрігерлердің біліктілігін арттырып, цифрландыру, жедел жәрдем көліктерімен қамту жұмыстары өз ретімен жүргізіліп келеді. Бұл, өз кезегінде, өңірдегі аталған саланың одан әрі дамып, өркендеуіне жол ашады. Бүгінде Түркістанда халықаралық стандарттарға сай заманауи емдеу орталықтары жұмыс істейді.
Заманауи үлгіде жасақталған орталықта жедел жәрдем автокөліктері шақыртуларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, ИВЛ аппараттарымен, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппараттарымен қамтылған.
Жедел жәрдем станциясы 4 категориялық санат бойынша «алтын сағат» қағидасына сай жұмыс істейді. Орталықта сондай-ақ АҚШ-та біліктілігін арттырған облыс мамандары қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 140 жедел медициналық жәрдем бригадалары шақыртуларға қызмет атқарады. Өңір қажеттілігі 96 пайызға қамтылған. Облыста жедел жәрдем қызметінің кластері құрылып, ауылдық және қалалық жедел жәрдем қызметтері орталықтандырылған.
Сонымен қатар өңірде ашылған «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығының жұмысыда қарқын алған. Орталықта 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға көмек көрсетіліп жатыр. Заманауи үлгіде жасақталған оңалту орталығының төсек орын саны 50 күндізгі және 10 тәуліктік болып жабдықталған. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар.
Айта кетейік, Түркістан қалалық емханасы 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен.Бүгінгі күнде емханада 8 отбасылық дәрігерлік орталық бар. Емдеу мекемесінде консультативтік диагностикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады.
Ең алдымен, медициналық қызметтердің сапасын арттыру электронды денсаулық сақтауды дамытуды және қағазсыз жұмыс процесіне көшуді талап етеді. Бұл бағытта келесідей атқарылған жұмыстарды айтса болады. Қағазсыз медициналық құжаттарды енгізу аясында қазіргі кезде 121 форманың 64-і электронды форматқа аударылды. Тәуелсіз 727 медициналық ұйымның 674-інде медициналық құжаттар электронды форматта сақталған. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында барлық емханалар мен ауруханалар толығымен қағазсыз медициналық жазбаға көшті. Қазірдің өзінде денсаулық сақтау ұйымдарының 99%-ы медициналық ақпараттық жүйелермен, медициналық қызметкерлердің 90,8%-ы компьютерлермен жабдықталған.