«Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84% болды», — деді Дархан Сатыбалды. Оның айтуына қарағанда, облыстағы 45 медициналық ұйымда 5509 дәрігер мен 19154 орта персонал халыққа қызмет көрсетеді.
«Былтыр 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталып, оның 17-сі ел игілігіне пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы мен заманауи медицналық кешен салуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда нысан құрылысы үшін жер учаскесі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салынады. Жергілікті тұрғындардың сұранысы ескеріледі. 2022 жылы 5 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 2023 жылы қосымша 2 нысанға жөндеу жүргізіледі», — деді әкім.
Ордабасы ауданының Қараспан ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұл медициналық нысан 1400-ге тарта тұрғынға қызмет көрсетеді. «Сіздерді медициналық нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күнді ауыл тұрғындарының асыға күткені жасырын емес. Енді Көлтоған ауылының тұрғындары осында ем қабылдап, денсаулығын нығайтады. Бүгінгі таңда аудан халқына бас-аяғы 55 медициналық ұйым қызмет көрсетіп келеді. Олардың дені – осындай фельдшерлік акушерлік тіректер. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік салаға үлкен мән беріп отыр. Соның ішінде, әсіресе, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа ғимарат халықтың игілігіне қызмет ете берсін! Мұнда жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс, абырой тілеймін!», – деді Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов. Бүгінде ауданда 9 фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Көлтоғаннан бөлек Қызылжар, Дербес, Төреарық, Көкарал, Қарабастау, Аққойлы, Жусансай, Сарытоғай елді мекендерінде осындай нысандар салынып жатыр. Барлығын осы жылы елдің игілігіне беру жоспарланған.