Медициналық сақтандыру қорының негізгі қызметі жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік- диагностикалық қызметтердің бәрі де ақысыз көрсетіледі. Алайда шұғыл көмек барлық азаматтарға бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес деген сөздер де бар. Мысалы, созылмалы сырқатқа шалдыққандар, әлеуметтік маңызы бар ауруына байланысты тіркеуде тұрған және динамикалық бақылауға алынған науқастарға тегін қызмет көрсету қарастырылған. Дей тұрғанмен, атаулы көмекті қалың жұрт әлі толығымен түсінбейтіні анық. Сол себепті де аталмыш жүйеге аса көңілдері толмайтындары тағы бар.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгеннен бастап дау толастаған емес. «Сақтандырылмасаң дәрігер қарамайды». Соңғы үш жылда халық тарапынан ақ халатты жандарға айтылатын шағымның барысы осындай. Себебі қарапайым халық МӘМС-тің пайдасы мен тиімді тұстарын әзірге толық түсіне алмай келеді. Оның үстіне, медицинаға енген ақылы жүйенің төңірегінде жыл сайын бір мәселе қылаң береді. Мәселен өткен жылы жеке кәсіпкерлер МӘМС-ке ақша аудара алмай, салық декларациясын амалсыздан өткізіп алғандарын айтып шағымданған болатын. МӘМС жүйесіндегі осы олқылықтар тіпті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құлағына жетіп, қатаң ескерту берілді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды» деп кесіп айтты.
Алайда соған қарамастан, медициналық көмекті қаржыландыру 2 есеге ұлғайған. Мысалы, 2019 жылы 1 трлн теңгеден 2022 жылы 2 трлн теңгеге дейін артқан екен. Бұл қыруар қаржының барлығы бейінді мамандардың өтімдері мен операцияларын, күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында госпитализацияларды, диагностикалық процедураларды, зертханалық талдауларды, оңалтулар, ЭКҰ, қажетті медициналық көмектің көлемін екі есе арттыруға бағытталған. МӘМС енгізілгенге дейін қазақстандықтар көптеген талдаулар мен тексерулер үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні әрбір сақтандырылған адам қажет болған жағдайда өз денсаулығының жай-күйі бойынша МӘМС есебінен үлкен тізбеден барлық қызметтерді ала алады. Қордың негізгі мақсаты – пациенттерінің, науқастың құқығын қорғау және халықпен кері байланыс орнату. Осы мақсатта арнайы каналдар қосылып, тұрақты жұмыс істеп жатыр – дейді медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы. Өткен жылы науқастардан кері байланыс арналары арқылы 863 мың өтініш қабылданған. Осы өтініштердің ішінен облыс медициналық ұйымдардың атынан 15 мыңнан астам шағым түскен екен. Ал олардың басым бөлігі халық консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (жабдықтың болмауы, күту ұзақтығы, жолдама бермеу, кадр тапшылығы), медицина қызметкерлерінің дөрекі көзқарасы мен қабілетсіздігіне, медициналық көмек көрсету сапасына, ақылы қызметтерге жолдамаға, емдеуге жатқызудан бас тартуға, КДҚ-ны ұзақ күтуге қатысты болған. Демек бүгінге дейін МӘМС-ке байланысты сұрақ пен наразылық әлі де толастамаған. Деректерге сүйенсек, өткен жылы консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 6 есе өскен. Оның ішінде, диагностика, зертханалық талдау қызметтері көрсетілген. Сондай-ақ, медициналық оңалту шараларын қаржыландыру 7 есеге өскен. Тіпті медициналық ұйымдар технологиялармен жабдықталып, 400 мыңға жуық жоспарлы операция жасалынған.
2023 жылы Түркістан облысы бойынша Медициналық сақтандыру қоры 130,6 млрд теңгені құрап отыр. Облыс көлемінде 81 медицина ұйымдарымен 130,6 млрд теңгенің келісім шартын бекіткен. Бұл көрсеткіш өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 пайызға артқаны анықталды. Қаржы – кепілдендірілген тегін медициналық көмекке (ТМККК) және МӘМС пакеттері шеңберіндегі қызметтерге бағытталады.