2023 жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға келісінген 81 медициналық ұйымның 40-ы жекеменшік клиника. «Облыс тұрғындарының 86,4 пайызы (1 764 157) медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар. Жалпы 3 жылдан астам уақыт ішінде Түркістан облысынан түскен сома көлемі 12,6 млрд теңге. Жалпы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылған. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өскені белгілі болды. Ал 2023 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн, МӘМС бойынша – 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген.
МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:
әлеуметтік бағдар – мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион азаматқа жарна төлейді;
ортақ жауапкершілік — халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты;
медициналық көмекке тең қолжетімділік — әрбір сақтандырылған азамат төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқығы бар;
ақша пациенттің артынан жүреді — пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады. Ол Қордың өнім берушісі болуы тиіс;
пациенттің құқығын қорғау — Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесінде МӘМС-ке қатысты сөзінен:
«Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды»
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына олардың жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты жері және табыстарынан тәуелсіз түрде медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікті кепілдік етеді. Яғни МӘМС денсаулық сақтау саласында халықтың мүдделерін олар ауырғанда, зақымданғанда, жүкті болу және босанғанда, мүгедек болу және қартайған жағдайда әлеуметтік қорғау болып табылады.
Медициналық сақтандыру жүйесі енгеннен бастап, емхана табылдырығын аттай алмай шарқ ұрғандар да жетерлік. Солардың бірі түркістандық азамат Нұрсұлтан Қаражан: -Өз басым міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеп отырсам да әлі толық игілігін көрмедім. Жергілікті мекенжай бойынша емханадағы дәрігерлерге қаралудан қалдық. Барсаң атүсті қарай салады. Мүмкіндік болса жеке емханаларға баруға тырысамын. Менің түсінбейтінім, анализ тапсыратын болсақ та, неге терапевтің «батасын» алуымыз керек? Терапевке жазылып кезек күткенше, емханада отырған дәрігердің анализ тапсыруға берген сілтемесімен неге тапсыра бермейміз? Екінші мәселе, тіркелген емханада кей анализдер жоқ. Оны да ақылы түрде тапсыруға тура келеді. Ақыры сақтандыру жарнасын алған екен, неге барлық талдау жасайтын лабораториялар-мен келісімшартқа отырмаған? Емделмей жатып шығынға батып жатырмыз. «МӘМС жүйесі іске қосылды, пайдалы» деп жаһанға жар саламыз, алайда нәтиже жоқ. Салыстырмалы түрде ешқандай өзгеріс жоқ. Қоғамдық емханалардың сервистерін жетілдіру керек. Мысалы бұрын тегін қаралсақ та дәл сол жағдай, ақша аударып сақтандырылсақ та сол жартас. Қарапайым анализді тегін тапсыра алмасақ, мұндай жүйенің не қажеті бар?– дейді, Нұрсұлтан Қаражан.