Қызылша вакцинасы туралы желілерде таралатын жалған ақпараттарға мониторинг жүргізіледі
Өңірде қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі балалар. Бұл туралы Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.
Жыл басынан бері өңірде 299 адам қызылша жұқтырған. Оның 81,2 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Қазіргі таңда өңірдегі 172 104 бала вакцина алған. Бұл екпе алуға міндетті балалардың 91,1 пайызын құрайды.
«Облыста қосымша жаппай иммундаудан бас тартушылар жоқ. Дегенмен, 12-18 айлық және 6 жастағы балаларға салынатын жоспарлы қызылшаға қарсы вакцинадан 560 азамат бас тартқан. Қызылшамен ауырғандардың 68,1 пайызын вакцина салдырмағандар құрап отыр. Жыл басынан бері екпеден бас тартқан 47 адам қызылшамен ауырды. Өңірде өлім жағдайы тіркелмеді» – деді Нұрбек Нышанов.
Бүгінде қосымша жаппай иммундаумен қамтамасыз ету мақсатында облысқа Үндістан елінде шығарылған 170 230 доза вакцина жеткізілген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласының мамандары жергілікті дін өкілдерімен және тағы да басқа құзыретті органдармен бірлесіп, вакцинадан бас тартушылар арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізіп жатыр.
Ал, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев қызылшамен науқастанушылармен байланыста болғандардың барлығы 21 күнге медициналық бақылауға алынып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, дертке 4 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығатынын айтты. Инфекцияның тіркелуі балабақшалар мен мектептерде де орын алған.
Эпидемиологиялық ахуалға байланысты облыстағы медициналық ұйымдарда жұқпалы ауруларға арналған төсек-орын саны қосымша 407-ге көбейтілген. Қазір ауруханаларда жалпы 1032 төсек-орын бар.Қызылша – кең таралған жіті инфекциялық ауру. Көбінесе онымен балалар ауырады. Дене қызуы 38—40°C дейін көтеріледі. Мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Қызылша- бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100% – ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский-Филатов-Коплик ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді Инкубациялық кезең – жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін. Есте сақтау керек: ауру бөртпе пайда болып басталмайды, суық тию белгілері сияқты басталады-дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу. Соңынан коньюктивит-көзі қызарып қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.