Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы қолға алған маңызды бастамалардың бірі – медицина саласындағы білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты. Кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесінің тиімділігін арттыру үшін 2023-2024 оқу жылынан бастап міндетті резидентурамен жалпы оқу мерзімі алты жыл үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы енгізілді, оны аяқтағаннан кейін бітіруші дәрігер біліктілігін және медицина магистрі дәрежесін алады.
Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде жіті тапшы мамандықтар бойынша 2023 жылы республикалық бюджеттің есебінен 6 мыңға жуық білім гранты бөлінді, оның ішінде 2,7 мыңы – бакалавриат және интернатура, 2,5 мыңы – резидентура, 325 – магистратура; 160 – докторантура.
2023 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық дәрігер шығарды, орта медицина қызметкерлерінің саны 23 мыңнан асты. 3 мыңнан астам денсаулық сақтау мамандарын бөлу бойынша жұмысқа орналастырылды.
Жергілікті бюджет қаражатының есебінен биыл 16,5 мың дәрігер, оның ішінде шетелде 108 адам біліктілігін арттырудан өте алды.
Дәрігерлердің құзыретін арттыру мақсатында жалпы ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейінгі ауылдық, қалалық, облыстық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында резидент дәрігерлерді міндетті клиникалық даярлауды енгізу көзделген.
Бұл ретте түлектерді әлеуметтік қолдау шеңберінде 601 маманға көтерме жәрдемақы бөлінді, 384 жас дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 74 маман өзге де қолдау шараларын алды.
Медицина саласыда 78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медициналық буын мамандары бар.«AYALA онлайн-академиясы» платформасында офтальмологтар, УДЗ мамандары мен реаниматолог-неонатологтар үшін тағы 4 тегін курс пайда болмақ.
Бұл платформада неонатология, реаниматология мен педиатрия салаларындағы жетекші мамандар облыстық перинаталдық орталықтар, перзентханалар мен ауруханалардағы орта буын медицина қызметкерлері осындай курстарға тегін әрі оңай қол жеткізуі үшін жұмыс істейді. Екі жыл ішінде екі тілде «Өкпені жасанды желдету және нәрестелерге қарқынды күтім жасау», «Неонатологияда электроэнцефалография мониторларын қолдану», «Сурфактантты аз инвазивті енгізу», «Нәрестелердің жіті асфиксиясы мен ауыр гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия», «Госпиталдық инфекция. Жаңа тәсілдер», «Қарқынды терапия бөлімшесіндегі күтімнің негізгі қағидаттары», «Нәресте күтімін дамыту және қарқынды терапия бөлімшесіндегі инфекциялық бақылау» сынды 7 курс өткізілген.