Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда.
Бұл орайда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде емдеу, алдын алу ұйымдарының заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы маңызды. Бүгінде медицина сәт сайын дамып жатыр. Ауруды емдеудің түрлі заманауи әдіс-тәсілдері енгізіліп, дәл диагноз қоюға мол мүмкіндік беретін қуатты құрылғылар шығарылуда. Тек тілін тап та, қалағаныңша қолдана бер! Қазіргі кең қолданыстағы МРТ, КТ аппараттары, жылжымалы медициналық кешендер – сол техника жетістігі. Әсіресе, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың денсаулығын қорғауда, ауруды ерте анықтауда жылжымалы медициналық кешеннің (ЖМК) маңызы зорТүркістан облысы Сарыағаш ауданының дәрігерлері енді елдімекендерді аралап жүріп, науқастарға қызмет көрсететін болды. Ақ халатты абзал жандардың осылай жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жылжымалы диагностикалық медициналық кешенді көлігі сыйға тартылған болатын. Бұдан былай медицина қызметкерлері орталық ауруханаға келуге мүмкіндігі жоқ шалғайда орналасқан елдімекендерде тұратын науқастарға өздері барып, сырқаттарын анықтайтын болады.
«Жақында ғана берілген бұл кешен ауруды дер кезінде дәлме-дәл анықтауға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталған. Заманауи құралдармен жұмыс істейтін арнайы мамандарымыз да бар. Бір сөзбен айтқанда мұны халықтың денсаулығын қорғау үшін жасалып жатқан мол мүмкіндік деуге болады», – деді аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бауыржан Есболұлы.
Одан бөлек, Бауыржан Оспанов Сарыағаш ауданы коронавирус індетінің екінші толқынына 100 пайыз дайын екенін де жеткізді. Ол үшін орталықтандырылған оттегі станциясы, 18 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Сондай-ақ, қосымша 246 пульсоксиметр, 150 контактісіз тепловизор алынған. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен 35 оттегі концентраторы, 60 дана оттегі балоны, 1 ЭКГ аппараты мен 20 тонометр берілген. Ауруханада 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар.