Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылындағы аурухананың қазіргі жағдайымен танысты. Өңір үшін аурухананың маңызды екенін айтып, меселені түбегейлі шешіп, аурухананы жөндеу қажеттігін жеткізді. Бүгінде ғимараттың тозығы жеткен. Ауруханаға қарасты терапиялық бейіндегі 13 төсекке арналған Мичурин стационарлық бөлімшесінің ғимараты осыдан 58 жыл бұрын салынған. 13 төсек- орны терапия бөліміне, 50 төсек-орын неврологиялық оңалту бөліміне арналған. Аудан орталығына арақашықтығы – 26 шақырым. Аурухана екі қабатты ғимаратта орналасқан.
Өңір басшысы тиісті сала басшыларына денсаулық сақтау нысанының мәселесін назарға алып, жұмыс жүргізуді тапсырды.
Аурухана ғимараты жөндеуді қажет етеді. Өңір басшысы тиісті сала басшыларына денсаулық сақтау нысанының мәселесін назарға алып, жұмыс жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті биылдан бастап сезіне бастайды. Биыл Түркістан облысында 50-ге жуық ауылда жаңа медициналық нысандар бой көтереді деп жоспарлануда. Ауқымды жоба 2023-2024 жылдары аралығында іске аспақ. Атап айтқанда, медициналық және фельдшерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынады. Бұл жөнінде Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары мәлімдеді. Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде ауданаралық 4 аурухана қайта жаңғыртылып, жасақталады. Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы және Жетісай аудандық ауруханаларына «Алтын сағат» жүйесі енгізіледі. Нәтижесінде 1 сағаттың ішінде инсульт пен инфарктқа шалдыққандарға, сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Ол үшін аудандық ауруханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен қамтылатын болады. Бұдан бөлек бірінші вице-министр, Түркістандағы құрылысы тоқтап тұрған көпсалалы облыстық аурухананың жағдайы туралы баяндады. Айта кетейік, 630 орындық медициналық орталықтың құрылысы белгісіз себептерге байланысты былтыр тоқтап қалған болатын. Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары: — Мемлекеттік экспертиза дейді, ең негізгі құжат. Соны жақын арада ғана алды. Келесі процедура Денсаулық сақтау министрілігінің және Ұлттық экономика министрлігінің экспертизасын алу керек. Одан кейін ары қарай Денсаулық сақтау министрілгі мен жекеменшік әріптестік аясында қол қойылғаннан кейін құрылыс ары қарай жалғасатын болады.