Түркістан облысы бойынша «Дені сау ұлт әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бойынша былтыр 11 медициналық пункт салу жоспарланып, барлығы пайдалануға берілді. Өңірдің денсаулық сақтау саласының көрсеткіштері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрғалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды.
– Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарға сай атқарылуы тиіс. Ауыл-аймақтарда да сапалы медициналық көмек қолжетімді болғаны жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуде Сарыағаш ауданында перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырды. Осы және өзге де жобаларды талапқа сай жүзеге асыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Ауылдық жерлерде және шалғай елді-мекендерде тұратын халыққа консультациялық-диагностикалық қызметтер үшін Түркістан облысында 13 жылжымалы кешен арқылы медициналық көмек көрсетіледі. Жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерімен жоспарланған халық саны – 317 667, орындалуы – 450 398 адам. Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды ұлғайту жоспары 81% болса, ол көрсеткіш 85,48% құрап, артығымен орындалған.
– 2020-2022 жылдары 2020 жылы – 205 дана, 2021 жылы – 525 дана, 2022 жылы 994 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Оның ішінде 1250 реанимациялық құрал-жабдық, 103 ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған құрал-жабдық, 64 ота жасауға арналған жабдық, 36 диагностикалық-лабораториялық жабдықтар сатып алынған. 2022 жылы 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 29 ауылда 1 емхана, 1 жедел медициналық көмек станциясы, 5 дәрігерлік амбулатория, 13 ФАП және 11 медициналық пункт салынған.