Бұл туралы брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов мәлімдеді.
«2023 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 140 926 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 527 633 адам, ауыл халқы – 1 613 293 адам. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 51 145 бала туған. Оның 26 323-і – ұл бала, 24 822-сі – қыз бала. Бүгінде облыс туу бойынша республикада көш басында, оның үлесі 14,3% құрап отыр»,-деді Нұрқожа Ермекұлы.
Бұдан бөлек, спикер өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 10 826 неке тіркелгендігін айтты. Сондай-ақ, 2023 жылы тіркелген ажырасулар саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға кемігенін жеткізді.
Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында көші-қонмен облысқа 35 953 адам келген. Оның ішінде 35 473 адам – Қазақстанның басқа облыстарынан, 473 адам – ынтымақтастық елдерінен, 7 адам – алыс шет елдерден келген. Жалпы облыс ішіндегі көші-қон 40 373 адамды құраған. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде тәулігіне 150-ге жуық бала дүниеге келеді. Олардың 60% ұл болса, 40% — қыз. Яғни Түркістан облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша бірінші орында тұр.
Бұл — аяулы аналардың рухани астананың демографиялық дамуына қосқан үлесі. Облыс аймағында үш облыстық перинаталдық орталық бар. Ал, аудан бойынша 22 перзентхана бөлімі жұмыс істейді.
Түркістан облыс орталығына айналғалы бері демографиялық өсім 2 есеге ұлғайған. 2 миллионнан аса тұрғыны бар өңірде соңғы 5 жылда 237 762 сәби дүниеге келген. Бұл — жылына 60 мыңға жуық бөбек туылады деген сөз. Ал, биыл, яғни жыл басынан бергі 6 айда 26 мың 706 нәресте өмірге келген.
Сонымен қатар, Түркістан облысы — елімізде үшем туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Соңғы 5 айда 59 отбасы егіз балалы болса, 2 отбасында үшем туылған.
Түркістан облысында екінші жыл қатарынан 12 үшем өмірге келдіТүркістан облысында 2022 жылы 12 үшем өмірге келді. 2021 жылы да түркістандықтар қатары 12 үшеммен толыққан болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыста өткен жылы 605 егіз, 12 үшем туды. Үшемдер саны екінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Айта кетсек, 2021 жылы облыста 64 мыңға жуық бала дүниеге келген еді. Олардың арасында 631 егіз, 12 үшем болды.
Биыл облыста ІІІ деңгейлі босандыру қызметін ұйымдастыру мақсатында Ордабасы ауданы Темірлан ауылында 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық құрылысы жүргізілмек.
Жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш, Отырар, Қазығұрт аудандарында дәрігерлік амбулатория салынады.
«Дені сау ұлт: әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысындағы Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандарында 11 медициналық тірек құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 4-фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ғимараттарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру мақсатында басқармаға қарасты 5 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Жедел жәрдем қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында Түркістан қаласында демеушілер есебінен 25 бригадаға арналған станция салынды. Сондай-ақ, Шардара ауданында бір ауысымда 150 адам қабылдайтын қалалық емхана құрылысы аяқталды.