«Қазақстан халқы» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев депутаттарға мәйіт донорлығын заңдастыруға қатысты ұсыныс айтып, бұл бағытта жұмыс істеуге шақырады.
Егер алдағы уақытта елімізде мәйіт донорлығы заңдастырылса, марқұмның туыстарының рұқсатынсыз мәйіттің органдарын алып, еліміз бен шетелдегі науқастарға пайдаланып, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Бүгінде елімізде қайтыс болғаннан кейін он екі ағзасын өзге науқастарға беруге дайын адам бар екенін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та алға тартты. Министр ханымның айтуынша, донор болуға рұқсатын берген адамның 1966 жыл туылған және жаман әдеті жоқ екен.
Ал Болат Жәмішев өзінің мұндай бастама көтеруіне өзі басқарып отырған «Қазақстан халқы» қорының науқастарға қажетті адам ағзаларын шетелден жиі сатып алатын болған соң, осы бастаманы әдейі көтеріп отырғанын тілге тиек етті.
Елімізде ағза алмастыруға тізімге тіркеліп, оны ұзақ жыл күтіп жүрген жандар көп. Мұндай науқастарға трансплантация өмір сүруге мүмкіндік береді. Бірақ ағза доноры жалғыз емдеу әдісі болғанымен, оған келісетіндердің саны көңіл көншітпейді. Бүгінде 40 мың қазақстандық электрондық тіркеу арқылы қайтыс болғаннан кейін донор болуға ниет білдірген. Бірақ оның 15 пайызы ғана нақты келіскен. Белгілі трансплантолог Жақсылық Досқалиевтің сөзінше, соңғы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс донор тапшылығын тудырып отыр.
Елімізде 2009 жылы мәйіт донорлығына ресми түрде рұқсат етіліп, «келісім презумпциясы» бекітілді. Яғни адам тірі кезінде донор болуға келісім беретінін немесе қарсы екенін рәсімдеу қажет болды. Бұл Кодекс бойынша дәрігерлер адам қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын транспланттау мақсатында алатын. Бұл халықаралық тәжірибеде де бар. Ал қазір жағдай қалай? 2020 жылы заңға жаңа өзгерістер енгізілді. Онда егер адам өзінің тірі кезінде донор болуға келісім бермесе, онда қайтыс болған соң рұқсатты туыстары мен жақындарынан сұрау керек деп жазылған. Әдетте туыстары бірден «жоқ» дейді. Осы заңды қабылдағаннан кейін елімізде жылына 1 көп болса 3 адамның жақындары келісім берді. Ал бізде ағзасын ауыстыруға болады деген 4 мыңға жуық адам бар. Мұқтаж жандардың ішінде 70 пайызы бүйрекке зәуір. Негізінде бір мәйіт 5 адамның өмірін құтқарады. Егер қайтыс болған адамның ағзаларына зақым келмесе, онда оның жүрегі, өкпесі, бүйрегі, бауыры тіпті көзінің мөлдір қабығы алынады. Заң бойынша, көп елдерде дәрігерлер рұқсатсыз жарамды ағзаны ала береді,- дейді Жақсылық Досқалиев.