Елімізде дәрігерлерге арналған “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы пайда болды. Аталмыш марапатқа ие болған ақхалатты жандарға 1000 АЕК көлемінде біржолғы төлем төленеді.
Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізді. Заң жобасында медицина қызметкерлері үшін жаңа әлеуметтік кепілдіктер көзделген.
Нақтырақ айтсақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы енгізіледі. Бұл атаққа ие болғандар 1000 АЕК мөлшерінде (биыл 3 692 000 теңге) біржолғы төлемге ие болады.
Сонымен қатар жыл сайын «Өз мамандығының үздігі» республикалық конкурсы өткізіліп тұрады. Байқау жеңімпазы 500 АЕК (2024 жылы 1 846 000 теңге) мөлшерінде төлем алады.
Қала берді балабақшаларда орын бөлу кезінде медицина қызметкерлерінің балаларына басым құқық беріледі. Ал қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған медицина қызметкерлерінің балалары жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылданады, яғни мемлекеттік білім гранты емтихансыз беріледі.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті биылдан бастап сезіне бастайды. Биыл Түркістан облысында 50-ге жуық ауылда жаңа медициналық нысандар бой көтереді деп жоспарлануда. Ауқымды жоба 2023-2024 жылдары аралығында іске аспақ. Атап айтқанда, медициналық және фельдшерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынады. Бұл жөнінде Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары мәлімдеді. Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде ауданаралық 4 аурухана қайта жаңғыртылып, жасақталады. Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы және Жетісай аудандық ауруханаларына «Алтын сағат» жүйесі енгізіледі. Нәтижесінде 1 сағаттың ішінде инсульт пен инфарктқа шалдыққандарға, сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Ол үшін аудандық ауруханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен қамтылатын болады. Бұдан бөлек бірінші вице-министр, Түркістандағы құрылысы тоқтап тұрған көпсалалы облыстық аурухананың жағдайы туралы баяндады. Айта кетейік, 630 орындық медициналық орталықтың құрылысы белгісіз себептерге байланысты былтыр тоқтап қалған болатын. Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары: — Мемлекеттік экспертиза дейді, ең негізгі құжат. Соны жақын арада ғана алды. Келесі процедура Денсаулық сақтау министрілігінің және Ұлттық экономика министрлігінің экспертизасын алу керек. Одан кейін ары қарай Денсаулық сақтау министрілгі мен жекеменшік әріптестік аясында қол қойылғаннан кейін құрылыс ары қарай жалғасатын болады.