Түркістан облысында 2024 жылдың басынан бері қызылша ауруына шалдыққан 299 науқас тіркелген. Оның ішінде 81,2%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, 56-сы – ересек адам. Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі – екпе салдырмағандар. Бұл жайында Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.
– Облысқа қызылша ауруына қарсы жалпы саны 170 230 дана екпе жеткізілді. Қосымша жаппай иммундау аясында өңірде 172 104 балаға екпе салынды. Ол вакцина алуға тиісті балалардың 91,1%-ын құрайды, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев дертке 4 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығатынын айтты. Жастарына сәйкес инфекцияның тіркелуі бала-бақшалар мен мектептерде де орын алған. Қазіргі таңда қызылша аурушаңдығы бойынша байланыста болғандардың барлығы 21 күнге медициналық бақылауға алынған.
Айта кетерлігі, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен «Түркістан облысында қызылша ауруын азайту және одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі өңірлік штабының құрамы» бекітілген. Қазіргі таңда облыстағы медициналық ұйымдарда жұқпалы ауруларға арналған төсек-орын саны – 625. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қосымша 407 төсек-орын ашылып жалпы 1 032 төсек-орын бар. Жалпы өңірде қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
«Бұл жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында. Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау өңірімізде белсенді жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде еліміз бойынша үшінші орында тұрмыз. Десе де өңірдің кей аудан, қалаларында вакцинациялау көрсеткіші әлі де жұмысты күшейтуді талап етіп отыр. Жалпы бір жасқа дейінгі науқастар қатарында қызылшаға қарсы егу алудан бас тартқандары да бар.
Кейбір науқастарда денсаулық жағдайына байланысты медициналық шегерім болса, кейбірінде егуі туралы құжаттық мәлімет болмаған. Қалған науқастар қызылша, қызамық, эпидпаротитке қарсы егілуде», – деген облыс әкімінің орынбасары аудан, қалалардағы жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, алдын алу бойынша тиісті жұмыстарға мұқият қарауға міндеттеді.
Сонымен қатар ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 Қаулысына сәйкес, қызылша ауруының таралуына жол бермеу мақсатында, эпидемиологиялық маусым кезеңінде халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес медициналық ұйымдар арасында мониторинг жүргізілді.
Емханалар, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік акушерлік пункт, қойма деңгейінде тиісті медицина ұйымдарының мамандарымен бірлесе зерделенді.