Жатыр мойны обырының алдын алу апталығы аясында Ашық есік күні өтуде. Біздің пациенттерге алдын ала жазылусыз гинекологтар, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен онкомаммологтар кеңес беруде. Сондай-ақ келгендердің барлығына осы аурудың алдын алу шаралары бойынша брошюралар табыс етілді.
Әйелдерді кеңес алуға және онкомаммолог және гинекологтардың тексеруінен өтуге шақырамыз!
Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық клиникалық ауруханасындағы Онкологиялық орталықта бүгінгі таңда 10 010 науқас диспансерлік есепте. 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6%-ға өскен.Түркістан облысында 2023 жылы қатерлі ісіктерді ерте анықтау бойынша жалпы скринингтік жоспар 100%-ға орындалды. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін скринингке көпшілік мән бергені жөн. Егер дер кезінде уақытылы тексеруден өтіп, ем алатын болса қатерлі ісікті емдеу көрсеткіші жоғары болады. Сондықтан барша облыс тұрғындарын ашық есік күнінде белсенді болуға шақырамыз. Емдік шараға кез-келген Түркістан облысының азаматтары мен қонақтары жолдамасыз, тегін, әлеуметтік сақтандырусыз жүгіне алады.
«Жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың орташа жасы 40 пен 50 жас аралығында, яғни өмірдің ең әлеуметтік белсенді кезеңіне сәйкес келеді, сондықтан бұл дерттің қоғамға қандай зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті.
Жатыр мойны обырының пайда болуына әкелетін негізгі этиологиялық фактор – адам папилломавирусы. Бұл вирустың жүзден астам түрі бар. Соның 14-і адам үшін қауіпті, түрлі обырға әкелуі мүмкін.
Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі адам папилломасы вирусының 16 типті және 18 типті түрін канцерогенді фактор ретінде ресми түрде мәлімдеді. Олар кейін жатыр мойнының дисплазиясына немесе онкопатологияға әкелуі мүмкін. Ал жалпы онкогенді папиллома вирусы тек жатыр мойны обырына әкеп соғады деп ойлау дұрыс емес. Ер адам да жыныс мүшесі қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жатыр мойны обыры 95% жағдайда адам папиллома вирусынан болады. Сондай-ақ қатерлі ісіктің дамуына темекі шегу, адамның иммун тапшылығы вирусы, бірнеше жүктілік, тұқымқуалаушылық, яғни отбасында жатыр мойны обырымен ауру жағдайларының болуы, әйелдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі себеп.