Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытудың маңыздылығын айтып, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын жасау туралы нақты тапсырмалар берді.90-жылдардағы денсаулық сақтау саласындағы қиындықтарды жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Науқас ауруханаға жатып емделу үшін төсек-орнын өзімен бірге алып келетін. Білікті дәрігер кадрларының жетімсіздігі, дәрі-дәрмектің тапшылығы онсыз да көңілі жүдеу адамдардың тұрмыс жағдайын төмендетіп жібергені рас. Ол кездері медицинаға қуатты технологияларды енгізу, қымбат шетелдік қондырғылар, құрал-жабдықтар орнату жайы ойға да кіріп шықпайтын. Қазір жағдай мүлдем өзгеше, тіпті салыстыруға да келмейді. Адамдардың баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту жолында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз.Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мемлекеттік бюджет есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 8 медициналық ғылыми орталық, 32 мамандандырылған медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және қан орталығы сияқты 45 мамандандырылған денсаулық сақтау орталықтары барТәуелсіздік жылдарында қазақстандық медицинаның аса жоғары дәрежеде дамығандығын бүгінде еліміздің ғылыми денсаулық сақтау орталықтарында жасалып жатқан трансплантация операцияларының саны мен сапасына байланысты көз жеткізуге болады.Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының өркениетті талаптарға сай дамығандығын көрсететін тағы бір үлкен жетістік елімізде 2011 жылы санитарлық авиация қызметінің құрылуы болды. Осы жылдар ішінде санитарлық авиация 8643 жедел жәрдем ұшырылымын жасады. Санитарлық авиация мамандары 10938 жедел жәрдем қызметін көрсетіп, 7850 сырқат адамды шұғыл тасымалдау арқылы ажалға араша тұрған. Осы уақыт ішінде санитарлық авиация мамандары шалғай мекендерде 654 операция жасаған. Санитарлық авиацияның жұмылғыш бригадалары жол-көлік апатынан зардап шеккен 836 адамға жедел көмек көрсетті. Санитарлық авиация денсаулық сақтау ұйымдарының әлеуметтік әлеуетін көрсете отырып, еліміздің шалғай аудандарында тұратын халыққа және кездейсоқ апат кезінде жедел және сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Бүгінде Қазақстанның санитарлық авиациясының құрамында арнайы жабдықталған 36 ұшақ, оның ішінде 21 ұшақ және 14 тікұшақ қызмет көрсетеді. Іс тетігін қашанда білікті кадрлар шешетіндігі белгілі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның денсаулық сақтау саласын білімді де білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты жұмыстар жүзеге асырылды.