Егуден бас тартатын ата-аналар балаларына қандай қауіп қатер төнетінін түсінбейді. Сондықтан ата-аналар назарына төмендегі мәліметтерді ұсынамыз.
Осыдан 30-40 жыл бұрын қызылша немесе дифтерия инфекцияларынан балалар өлімі жиі орын алатын. Жер шарындағы бар халықты жайлаған табиғи оспаның көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинаның көмегімен жойылды. Ал, 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелитті жою жұмыстары кең етек алды. Айта кетелік, ең соңғы рет полиомиелит елімізде 1995 жылы тіркелді.
Вакцина – белгілі бір инфекцияны жоюға бағытталған, микроорганизмдерден жасалатын препарат. Препараттың қауіпсіздігін, зиянсыздығын және тиімділігін тексеру үшін лабораториялық, клиникалық тексерулер өткізіледі. Сонымен қатар, өндірісте өндіріліп жатқан препараттардың әрбір партиясы қатаң бақылауға алынады. Аталған шаралар тұтас бір халықты полиомиелит, қызылша, қызамық, дифтерия, тырысқақ, көкжөтел, туберкулез, «А» және «В» гепатиті, эпидемиялық паратит, пневмококк сияқты инфекциялардан қорғайтын, ең тиімді тәсіл. Вакцинаның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті көзін түгелдей жоюға да болады. Осылайша вакцинаны халыққа түгелдей егудің арқасында біз адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін көптеген ауруларды ұмыта бастадық. Кейбір ата-аналар бұл аурулар жайлы мүлде хабарсыз.
Ең алғашқы егу перзентханаларда туберкулез және «В» гепатитіне қарсы жүргізілетінін айта кетелік. Тағы бір назар аударарлық нәрсе мынау. Кез-келген вакцинадан кейін баланың ағзасы оған өтпелі реакциямен жауап қайтарады. Себебі, бұл мерзім ішінде ағзаны инфекциядан қорғайтын күш жинақталуы керек. Әлсіз дене қызуының жоғарылауы мүмкін. Бүкіл жер бетінде адамды аурудан сақтап қалатын егуден артық ештеңе жоқ. Көп адам вакцина алсақ та ауырамыз дейді. Мәселен, сал ауруы – өте қауіпті ауру. Аяқ-қолы ырыққа көнбей, мүгедек болып қалады. Егер ауруға қарсы егілсе, ол жеңіл түрде ауыратын еді, оның аяққа тұрып кету мүмкіндігі де бар. Ал, егілмесе міндетті түрде сал болып қалады. Бөгде зат енген денеде әртүрлі реакциялар орын алатыны анық. Алайда, мұндай реакциялардың зардаптары инфекциялардың зиянымен салыстырғанда түк емес.
Қазіргі уақытта инфекциялық аурулардың таралуымен күресудің бірден-бір тиімді тәсілі – вакцинация. Препаратты қабылдаған кездегі өтпелі реакцияға бола егуден бас тарту болашақта үлкен ауруға әкеліп соғатындығын ұмытпайық.
Қауіпті аурулар кез-келген жерде күтіп тұруы мүмкін. Балаңыздың денсаулығына алаңсыз болғыңыз келсе вакцинадан бас тартпағаныңыз абзал.