Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттің даму деңгейіне өлшем болатын маңызды индикаторлардың бірі. Азаматтардың денсаулық сақтау жүйесі бойынша сұраныстарын қамтуда бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық бөлмесінде Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдувалиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Басқарма басшысының қабылдауына жазылған Гүлзат Джандүйсенова науқас бүлдіршін қызының ем-шараларына қатысты сұраныстарын жеткізді. Асхан Мархабайұлы азаматша білдірген өтінішті жеке бақылауына алып, Түркістан қалалық емханасының дәрігерлері арқылы қажетті жәрдем көрсетілетінін айтты.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне науқас анасының мәселесі бойынша жүгінген Қалдыгүл Абдиллатипке сапалы медициналық көмек көрсетуде облысымызда тәжірибелі мамандар бар екені түсіндірілді. Азаматшаның созылмалы дерті бар анасына облыстық клиникалық ауруханасында қажетті көмек көрсетілетін болды. Үлкен жастағы науқастың денсаулық ахуалы медициналық бақылаудан өткізілмек. Қажет болған жағдайда телемедицина мүмкіндіктерімен басқа қалалардағы жоғары санатты дәрігерлерден кеңес алуға болатыны айтылды.
Қоғамдық қабылдауға онлайн форматта хабарласқан Ордабасы ауданының тұрғыны Қалмахан Азбергенов немересінің Алматы қаласындағы Педиатрия ғылыми орталығында ем қабылдап жатқанын айтып, ем шаралары бойынша сауалдары бар екенін айтты. Басқарма басшысы аталған орталықпен байланысып, мәселенің анық-қанығын білуге және қажет болған жағдайда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан көмек көрсетілетінін жеткізді. Бұл мәселені де Асхан Мархабайұлы жеке бақылауына алды.
Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінен келген бір топ тұрғындар аталған ауылдағы емдеу мекемесінде орын алған ана өліміне қатысты шағымдары мен талаптарын білдірді. Асхан Мархабайұлы қаза тапқан азамашаның туған-туыстарына көңіл айтып, қайғылы оқиға басқарманың ерекше бақылауына алынғанын, мән-жайды анықтау жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.