Бәйдібек ауданына қарасты С.Әбдіжаппаров мектеп лицейінде «Нашақорлықтың алдын алу», «Темекі және алкогольдың зияны», Вейп электронды темекілердің зияны туралы түсіндіру мақсатында аурухананың нарколог дәрігері, білім бөлімі мамандарының қатысуымен оқушылар арасында кездесулер өткізді.Жаһандану қарқынды жүріп жатқан уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ел болашағы-жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді. Өйткені әлеуметтік желілерден алынған, сүзгіден өтпеген ақпараттардың шамадан тыс көптігі өскелең ұрпаққа оң әсерімен қатар елеулі қауіп-қатер де төндіріп отырғаны жасырын емес. Сондай жағымсыз әдеттердің бірі – нашақорлық.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Президенттің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып белгіленгені баршамызға белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Елімізде 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді.
Ресми статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша есірткі тұтынушылар саны азайғанымен, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары көбейген. Қазіргі таңда синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар жастар арасында көп қолданылатындығы анықталып отыр. Мәселен, елімізде дәстүрлі есірткі заттарын тұтынушылардың орта жасы 40-45 жас аралығы болса, синтетикалық есірткі пайдаланушылар негізінен 30-35- тегі, ал ұшпа ерітінділерді 20-25-тегі жастар тұтынатын көрінеді.Сондықтан жасөспірімдердің жат әдеттерден бойын аулақ ұстап, теріс жолға түспеуі үшін ақпараттық-насихат жұмыстарының пайдасы зор деп білемін. Осы мақсатта ауданымызға қарасты Сазтерек, Ынтымақ, Суханбаев, Ботамойнақ ауылдық округтеріндегі мектептерде оқитын жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Онда балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік пен ескірткі қолданудың жастардың денсаулығына тигізер зияны кеңінен талқыланды.