Мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық саласына баса мән берді. Ол: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек», деп атап өтті.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылып отыр.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, денсаулық сақтау нысандарын жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы 4 аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, республикалық бюджеттен қажетті қаражат қаралды. Аталған мекемелерді материалдық-техникалық базамен және медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету де қарастырылады.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сарығаш ауданына арнайы барып, аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер мекеме «АГС-ПЛАСТ» ЖШС тарапынан демонтаждау жұмыстары маусым айында басталған. Жұмыс кестесінен кешіктірілуде. Қазіргі таңда 45 қызметкер еңбекке тартылған. Жұмыс барысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары мердігер мекеме мен жауапты басшыларға кемшіліктерді қалпына келтіріп, шұғыл түрде жұмысшы санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ кемшіліктерді ретке келтіру бойынша техникалық қадағалау компаниясына жүктелген міндетті мұқият атқару жөнінде ескертіліп, анықталған кемшіліктер бойынша айыппұл салуды жүктеді. Шетелден алынатын медициналық құрал-жабдықтардың уақытылы жеткізілуі де бақылауда.
Айта кетейік, былтыр Ордабасы аудандық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары толық аяқталған болатын. Биыл жыл соңына дейін Сарыағаш және Жетісай аудандық орталық ауруханаларының күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап, тұрғындар игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Ал, Сайрамдағы медициналық нысанның жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Нысанды жөндеу жұмыстары 2024 жылға жоспарланған.