Мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық саласына баса мән берді. Ол: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек», деп атап өтті.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылып отыр.
Алқалы жиында халық денсаулығын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелеу, медициналық қызмет сапасын жақсарту, тұрғындарды қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру жөніндегі мәселелер, жоспарлар талқыланды.
Түркістан облысы халқына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті 34 мемлекеттік және 36 жеке меншік медициналық ұйым көрсетеді. Облыс бойынша ЖТД дәрігеріне шаққандағы жұмыс жүктемесі – 1496 адамды құрайды.
Түркістан облысы тұрғындарының 80 пайызы ауылда тұрады. Ауыл тұрғындарына профилактикалық тексерулер, жылжымалы медициналық кешендер арқылы жүргізілетін медициналық және тағы басқа қызметтер көрсетіледі. Жылжымалы медициналық кешендері арқылы облыста 436 321 адамға көмек көрсетілген.
Жиын соңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты және жеке меншік медициналық ұйымдардың басшыларына көтерілген мәселелер бойынша жұмысты жандандырып, медицина саласындағы қызмет сапасын жақсартуды тапсырды. Ұсыныстарды ескеріп, индикаторлар мен іс-шаралар бойынша жұмысты күшейту қажетігін ескертті.Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, өңірдегі 2 миллионнан астам тұрғынға 216 бригаданың күшімен жедел жәрдем қызметі көрсетілуде. Бригада ташылығы сезілуде. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының 6 қалалық бекеті, 17 аудандық бөлімшесі бар. Жедел медициналық жәрдем станцияларының санитарлық автокөліктердің саны – 190, МСАК жанындағы ЖМЖ 85 автокөлікпен қамтылған. Биыл 4 айда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жедел жәрдемге қоңырау шалушылар саны көбейген. Былтыр 4 айда 210456 қоңырау қабылданса, биыл 224742 қоңырау түскен.