Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 100-ге жуық шетел азаматы ем қабылдаған. Шет тілін меңгерген 30-ға жуық маман өзге мемлекеттерден келген науқастарға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді.Жыл санап Марат Пашимов басқаратын бұл емдеу мекемесінің қызметі Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елінің азаматтары тарапынан сұранысқа ие болуда. Шетелдіктер көбінесе жарақат бөлімінің көмегіне жүгінеді екен. Клиникалық аурухана – облыс тұрғындарына жоғары мамандандырылған көмек көрсететін өңірдегі жетекші медициналық орталық. Жоғары білікті дәрігерлер жыл сайын нейрохирургия, ортопедия, ота жасау, сәулелік диагностика бойынша клиникалық жолдамамен Ресей, Германия, Украина, Үндістан, Оңтүстік Корея, Испания және Израиль мемлекеттерінде біліктілік арттырады. Одан бөлек шетелдік дәрігерлер келіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасуда.
Айта кетелік, қазіргі таңда облыстық клиникалық ауруханаға қарасты 2 емхана және 18 бөлімде 1800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Өңірге қарасты барлық аудан тұрғындарына жолдама арқылы тегін медициналық қызметтер ұсынылады. Шалғай ауылда тұратын науқастардың жағдайы шұғыл көмекті қажет етсе, ауруханаға санитарлық авиация арқылы жеткізіледі.
Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.
Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарға 75 жедел жәрдем санитарлық автокөлігі тапсырылған еді.