Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, бірнеше әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Кездесуге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Зуаппархан Чалданов, Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саидов бірге болды.
Қайрат Рахымұлы Ескі Иқан ауылдық емханасына да ат басын бұрды. Бүгінгі таңға 40 орынға лайықталған емхана күндізгі бөлімде емделушілерді қабылдайды. Аудандық бас дәрігер Бақыт Стамқұлов емхананың қазіргі жағдайымен таныстырып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, мұның барлығы — халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған маңызды шаралар екенін жеткізді.
Халық қалаулысы Қайрат Балабиев алдымен Ескі Иқан ауылдық округіндегі наубайхана жұмысымен танысудан бастады. Жеке кәсіпкер Махина Муслимова былтыр «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6 бағыты арқылы 7 млн теңге алып, наубайхана жұмысын бастаған. Жолдасы Алберт Муслимовтың айтуынша «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін, қазіргі таңда отбасымызбен нан жауып, халыққа қызмет жасап жатқанын тілге тиек етті. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан шығарып, дүкендерге өткізеді. Бұйыртса алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Бұдан соң Ескі Иқан ауылдық округіндегі «Сауран сүт» ЖШС-інде болды. Бүгінгі таңға ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде «Сауран сүт» сүт өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жер көлемі 5 гектар, жобаның құны – 450 млн. теңге. Мұнда жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдері шығады деп жоспарланған. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Басшысы Кутлимурод Шерметов цех толық іске қосылса өнімдерін Түркістан және Қызылорда облыстарына өткізуді межелеп отыр.
Ескі Иқан бастауыш партия ұйымының бөлмесінде Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев аудан тұрғындарының арыз-шағымдары бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Сонымен бірге Ескі Иқан ауылдық округінде №1 жалпы орта мектебінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Парламетіндегі заң шығарушы органның бүгінгі таңға атқарылып жатқан жұмыстары мен алдағы реформалары туралы кеңінен баяндап, ауыл тұрғындарына қолдағандары үшін өз атынан алғысын білдірді.