Бүгінде әрбір оныншы адамды жүрек ауруы мазалайды екен. Бұған дейін онкологиялық аурулар алдыңғы орында тұрса, соңғы он жылдан бері жүрек-қан тамыр ауруларының жасарып кеткені жайлы жиі айтылады. Бұл осы саланы жіті бақылап жүрген дәрігер-ғалымдарды да алаңдата бастады.
Таяуда Астана қаласынан жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ПІБ МО ауруханасының бас кардиологы Джолдасбекова Алия арнайы Жетісай қаласына келіп, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сағатын өткізді.
Айта кеткен жөн, Жетісай ауданының орталық ауруханасында жүрек-қантамыр аурулары жиі кездескенімен, соңғы уақытта медициналық қызмет көрсету мен бақылау сапасы артып, өлім-жітім біршама төмендеген. Дегенімен,жүректі диагностикалау жылдан жылға жаңарып отырғандықтан, мамандардың біліктілігін артырып отыру қажет.
Агрессивті кардиологияның заманауи трендтеріне арналған бұл жиында медицина ғылымдарының докторы, кардиолог Джолдасбекова Алия кардиохирургияға баса назар аудара отырып, жүрек-қантамыр ауруларын ең соңғы технологиялардың көмегімен диагностикалау мен емдеудегі тиімді жолдарды айтты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін біліктілікті шыңдау сабағына көрші аудан ауруханаларының дәрігерлері де келіп қатысады.
Есте болса,жыл басында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қырықбаев Темір Базарбайұлы ауданымызға ат басын бұрып, жеке жұмыс кестесі бойынша жергілікті денсаулық сақтау басқармасы өкілдерімен кездесу өткізген еді. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде өткізілген жиында мәжіліс депутаты аудандағы медицина мекемелерін қаржыландырудың өзекті мәселелерін талқылай отырып, халықтың денсаулығын қорғауда ақ халаттыларды толғандырып жүрген мәселелерімен танысу мақсатында, Жетісай аудандық орталық ауруханасына қарасты, Жетісай қалалық емханасының қызметкерлерімен жүздесті.
Былтыр ҚР Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев Жетісай ауданына іссапармен келіп, «Жетісай» аудандық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстарымен танысқан болатын.
Конкурстық құны 1 378 969 393 теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілдесінде басталған. Биыл қаңтардың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс материалдары мен жұмыстың сапасын қатаң бақылауда екенін айтқан аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Джолдасбеков нысан аяқталған соң қандай қызметтер көрсетілетінін, қосымша медициналық аппараттар алынатынын жеткізген еді.
Сондай-ақ, сенаторлар дәрігерлермен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Медицина саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды айтып, ойларын тыңдады. Дәрігерлер негізінен маман тапшылығы мен заманауи құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін, ауылдық жерлерде медицина мамандарына төленетін үстемақы мен жалақыны есептеудегі тарифтердің қайта қаралуын, МӘМС мәселесін әлі де болса жетілдіре түсу керектігін жеткізген еді.