Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев мәлімдеді.
«Түркістан облысында жаппай иммундау науқанында екпе алғандар саны 175 366-ға жетіп отыр. Оның ішінде 6-10 айлық аралығында – 22 867 бала, 2-4 жас аралығында – 139 039 бала және 5 017 медициналық қызметкер бар. Осылайша қосымша жаппай иммундау науқанында жоспарланған 189 000 адамның 93,4%-ы орындалып отыр. Одан бөлек, қызылша ауруының таралуына жол бермеу мақсатында медициналық ұйымдар арасында мониторинг жүргізілді. Бүгінде қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде»,- деді басқарма басшысы.
Брифингке қатысқан басқарма басшысының орынбасары Салтанат Жабағиеваның айтуынша, күнделікті бақылау жұмыстарының нәтижесінде облыста инфекциялық аурулармен ауыратын науқастардың саны азайған. Бұдан бөлек, былтырғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда тұмау инфекциясы да 1,7 есеге төмендеген. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап еліміздегі 11 жасар қыздарға папилломавирусқа қарсы екпе салынатындығын айтты. Мамандардың пікірінше, бұл – жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғайды.
Айта кетейік, облыстағы медициналық ұйымдарда жұқпалы ауруларға арналған жалпы 1 032 төсек-орын бар. Ал қазіргі таңда ем алып жатқан науқастар саны – 433.
Айта кетсек, Қызылша – жоғары қызба, терідегі бөртпе, жалпы интоксикация белгілерімен қоса, жұтқыншақтың шырышты қабатының, конъюнктиваның және тыныс алу жүйелерінің қабыну- зақымдалуымен көрінетін өте жұқпалы жедел вирусты инфекция.
Қызылша – ауа тамшылы жолмен тез тарайды. Қызылшаға екпе алмаған адам науқаспен қысқа уақытта байланыста болса да жұқтыру қаупі өте жоғары. Бұл вирус ауа арқылы тез таралуына байланысты, науқас адаммен тікелей байланыста болмасаңыз да, инфекцияны жұқтыру науқаспен бір бөлмеде аз уақытта болудың өзі жеткілікті.
Қызылша 5 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Қызылшаға қарсы екпе алмаған ересектерде жұқтыру қаупі жоғары және ауру балаларға қарағанда ауыр түрде өтеді. Көктемгі-қысқы кезеңде аурудың өршуі байқалады. Аурудан соң, қанда қызылшаға қарсы антиденелер түзіліп, тұрақты иммунитет сақталады.
1 жасқа дейінгі нәрестелер іс жүзінде қызылшамен ауырмайды, өйткені анасынан алынған антиденелер олардың қанында қалады, бірақ жыл өткен сайын олардың саны азаяды, сәйкесінше вакцинациясыз аурудың даму қаупі артады. Сондықтан аналардың да уақытылы вакцина алғандығы маңызды. Жүкті әйел жұқтырған кезде вирус плацента арқылы ұрыққа және туа біткен қызылшаның дамуына әкелуі мүмкін.