«Конгресс холл» кешеніне өткен мазмұнды кеште елімізге белгілі өнерпаздар ән айтып, өлең оқыды. Түркістан төрінде «Мұқағали жолымен» әдеби-сазды кеші өтті. Түркістан төрінде «Мұқағали жолымен» әдеби-сазды кеші өтті. Кеш бүгінгінің мұзбалағы, ақын Мұқағали Кенжетайұлының «Ырым» прологымен басталды. Шығармашылық кешке Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысты.
«Бүгін тек Мұқағалидің ғана тойы емес. Бүгін қазақ әдебиетінің, ұлттық руханиятымыздың тойы деп есептейміз. Мен осы төрт қақпалы Түркістанға Мемлекет басшысының Алғыс хатын алып келіп отырмыз. Мұқағали балаларыңыз Ұлы Мұқағалидің жолын таңдап, сол өнеріндегі биіктікті бағындырғысы келеді. Сол жолға ниеттеніп, бар ықыласын салып Құдай бере салған талантыменен қанатын қағып келе жатыр. Ұлы Мұқағали Алатаудың сонау биіктігіне ұмтылып, Хан тәңірі қарап Қарасазда дүниеге келсе, сіздердің Мұқаңдарыңыз Қаратаудың биіктігін бағындырамын деп Қаратаста дүниеге келді. Қазақтың Мұқағалиі болсын!», – деген Мәлік Нұржанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады.
«Мұқағали Кенжетайұлы, сіз дарынды ақын ретінде кеңінен таралып келе жатқан жаңа ақынның бірісіз. Ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі бірқатар жыр байқауларында жоғары жүлде алып көпшіліктің ыстық ықыласына бөлендіңіз. Сонымен қатар мюзикл жанрын дамытуға да күш салдыңыз. Әдебиет, мәдениет салаларындағы жемісті еңбегіңіз үшін сізге алғысымды білдіремін. Зор денсаулық, жұмысыңызға табыс, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» делінген Президент Алғыс хатында. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев кеш кейіпкері туралы пікірін білдіріп, ізгі лебізін арнады. Сонымен қатар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатын тапсырды.
«Мұқағали – Түркістан өңірінің ғана емес, қазақ әдебиетінде, мәдениетінде жаңадан қалыптасқан шоқ жұлдыздардың ортасында өзіндік орны бар азамат. Бұл жай кеш емес, мәнге көңіл бөлетін рухани кеш болады деп ойлаймыз. Ел арасында ақындарды әндерімен жиі танып жатады. Жүрекке жететін, ойды оятатын мықты әндердің сөзін жазған да Мұқағали бауырымыз. Ұстаздар отбасында дүниеге келген. Елге шығармашылық тұрғыдан руханиятқа қызмет жасай бер» – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
«Конгресс холл» кешеніне өткен мазмұнды кеште елімізге белгілі өнерпаздар ән айтып, өлең оқыды. Қаламынан жыр төгілген ақындар Қалқаман Сарин мен Мақпал Мыса кеш кейіпкерінің туындысынан бөлек, өз шығармаларын елге арнады. Сондай-ақ Әлия Әбікен, Заттыбек Көпбосынұлы, Тоғжан Мұратова, Альбина Шардарова, Айгерім Қалаубаева, Жолдасбек Әбдіхан, Ақбота Нұр, Ғазизхан Шекербеков, Айнұр Бабаева, Асылжан Абдулла, Қуандық Рахым, Ғабит Шырынбеков, «Jana lep!» өнер ұжымы мен «Бисұлтан» би ансамблі өнер көрсетті. Айта кетейік, Мұқағали Кенжетайұлы 1993 жылы Бәйдібек ауданы, Қаратас ауылында дүниеге келген. 2018 жылы Түркістан облысында тұңғыш рет сахналағанған «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің авторы. «Түркістан түлектері», «Тәуелсіздік тебіреністері», «Жаңа ғасыр әуендері» тағы басқа ұжымдық жыр жинақтарына өлеңдері енген. Түрлі жыр додаларында топ жарып жүр. Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» алтын медалінің иегері, 2018 жылдың «Жылдың үздік ақыны» номинациясының иегері, сонымен қатар 2023 жылы Түркістан облысының «Үздік жас мемлекеттік қызметкері» атанған.