Адамзат пайда болғалы жасап келе жатқан қасиетті мамандық журналистика – бұқаралық ақпаратты жинау, өңдеу, түсіндіру және тарату бойынша қоғамдық қызметтің маңызды буыны саналатын мамандық.
Дегенмен, соңғы кездердегі журналистік қоғамдастықтардың өміріне бизнес элементтерінің сіңісіп, бұқаралық ақпарат құралдарының өз қызметін алға жылжыту үшін клиенттермен, қызметкерлермен, серіктестермен жаңа байланыс түзуі секілді әрекеттер «журналистика қызметі корпоративті бола ала ма?» деген көпшіліктің көкейіне ой тастады.
Ғалым Ш. Чемякин өзінің монографиясында «журналистика» терминіне қатысты анықтамаларды жіктей отырып, оны «корпоратив» сөзімен қатар шендестіруді еш құп көрмейтіндігін дәлелдеп бағады. Ғалымның пікірінше, бизнес мүдделерін көздейтін қызмет категориялары ешқандай да журналистік қасиеттер мен құндылықтарға ие емес. Бұл – теориялық талдау, сараптау және фактілерді дәйекті зерттеу болғанымен, қазіргі кәсіби ортада «бренд журналистика», «БАҚ бренді» ұғымдары белсенді қолданыла бастады.
Біздіңше, БАҚ жарасымындағы бренд ұғымының жетекші мәні – ашық көзқарас фонында көпшілік үшін маңызды фактілер тізбегінен тұратын ақпаратты жаңаша ұсыну дәстүрін игілікке айналдыру, хабардың рас-жалғандығын тексерудің тетіктерін қалыптастыру, аудитория мен редакция қызметі арасында сенімділік пен тиімділік категорияларын дәнекерлеу.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен бренд ұғымының үйлесімін, анықтамалары мен функционалдық тектоникасын ғылыми әдебиеттерден ұшырастыру қисын. Десек те, БАҚ брендіне қатысты көзқарастар, кенен пікірлер мен келелі пайымдар маркетинг жөніндегі кітаптарда, интернет сайттары мен блогтерде жиі кездеседі. Сайып келгенде, Отандық журналистер арасында БАҚ брендінің орнына конент-маркетинг ұғымын қолданатындар бар.
Медиа аналитигі, филология ғылымдарының кандидаты А. Мирошниченко маркетинг пен журналистика мамандықтарының әдіс- тәсілдері мен құзыретінің белгілі бір деңгейде сәйкесетіндігін өз сұхбатында пайымды дәлелдермен зерделейді. Оның пікірінше, контент-маркетинг алаңында табысқа жету үшін 400 жылдық тарихы бар бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялық технологияларды пайдалану тәжірибесін меңгеру қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы брендтік құндылықтардың сапасын
ұжым мүшелерінің журналистік кәсіби шеберлігі( шешендігі, дауыс мәнері, стилі, техникалық сауаттылығы),
өнімнің дәйектілігі мен деректілігі,
визуалды кескіні, жанрлық-формалық ерекшеліктері
оперативті-жедеғабыл тарауы,
тұрақтылығы мен жиілігі,
қоғамның құндылықтарымен үндесуі сынды ақпараттық тағандар анықтайды.
Мысалы, қазақ телевизиясында тұлғаларды ұлттың брендіне айналдыру дәстүрі өзінің жақсы өрнегін тапқан. Ондағы кейіпкерлер: өнер адамдары, жазушылар, әдебиетшілер, публицистер, зерттеушілер, саясаткерлер, ақындар, қайраткерлер телеэссеге өзіндік пайым-парасат таразысында ой ширатады. Мәселен, «Atyrau» телеарнасындағы журналист Ажар Ерболған жүргізетін «Біздің Илья» циклді хабарды да телесұхбат арқылы телетолғам айтқызу идеясына құрылған. Хабар тұтастай ҚР Мәдениет қайраткері, өнертанушы ғалым Илья Жақановтың өмірлік өнегесіне, ғұмырда жиған тәжірибиесін өзіне баяндатуға негізделген. Қайраткер, өнертанушы, публицист-қаламгер Илья Жақанов – телетуындының бренді.
Мысалы, Отандық БАҚ-та брендке айналған хабарлар мен брендтік тұлғалар қатарына: «Qazaqstan», «Хабар», «Gakku.TV» т.б. арналардағы телеөнімдер мен «Salem Social Media», «Azattyq.TV» ютуб арналарын жатқызар едік. Соның ішінде, Журналист Мақсат Толықбайдың «Ашық алаң», Назира Бердалының «Сырласу», Гүлнұр Ғазизқызының «Наркескен», Есболат Айдабосынның «Қателік», Дана Нұржігіттің «Дара жол», Әйгерім Сейфолланың «Ниет» және ютуб желісіндегі «Саяхаттандырылмағандықтарыңыздан», «TalkLike», «The эфир» т.б. телехабарларының шоқтығы биік, құндылығы мол.
Түйінін айтқанда, Отандық бұқаралық ақпарат құндылығындағы брендтік құндылықтарға интеллектуалды маңызы жоғары ақпараттық материалдарды, майталман тұлғалардың шеберлігінен туған журналистік өнімдерді, сауатты сараптамалық мақалалар мен жаңа технология мүмкіндіктерімен дайындалған контенттерді жатқызуға болады. БАҚ-тағы олардың ең басты брендтік сипаты – ақиқат сөзін айтуында, халықтың жүрегіне орнығуында деп айтқымыз келеді.