Арыс қаласына қарасты, Шағыр елді мекенінде алғаш білім ордасының негізін қалаған, бастауыш мектепті жалпы орта мектеп-интернатқа айналуына өшпес үлес қосқан ардақты ұстаз Орынбасар Жанбатыровтың 100 жылдығы құрметіне мемориалды тақта ілініп, сынып ашылды.
Салтанатты шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және ұстаздың алғашқы шәкірттері, зиялы қауым өкілдері мне ауыл тұрғындары қатысты.
Қала басшысы ауыл жастарының білім алуына зор үлес қосқан ағартушы ұстаздың еңбегі ұрпаққа өнеге екенін айта келе, ауыл тұрғындарының қуанышпен құттықтады.
Шара барысында ұжымдастары мен шәкірттері, ет жақын туыстары ұстаз туралы естелік тілек сөздер айтып, еңбектегі сара жолдарынан ақпар берді.
Мемориалды ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылып, қатысушылар Орынбасар Жанбатыров атындағы жаңа ашылған сыныппен танысты. Оқу үздігінің құрметіне арнау айтылып, рухына құран бағышталды.
Саналы өмірін білімге арнаған ұлағатты ұстаз, «Қазақ ССР үздік Оқу қызметкері» белгісінің иегері Орынбасар Жанбатырды Арыс жұртшылығы әрдайымда мақтан етеді. Ғұмыры қысқа болғанымен ол еліне, халқына адал қызмет етіп, артында өшпес із қалдырды.
1924 жылы туған ұстаз Ташкент қаласындағы мұғалімдер дайындайтын педагогикалық училище мен Шымкент педагогика институтында оқыған. Еңбек жолын соғыс жылдары Бейсен ауылында ұстаз болып бастаған. 1946 жылы Шағыр станциясына көшіп, ауыл советінде хатшылық қызметтер атқарған. Ауыл жастарының сапалы білім алуына бар күшін жұмсады. Көп еңбектің нәтижесінде Шағырда орналасқан шағын бастауыш білім ордасының орнына іргелі мектеп-интернат ашылды. Соның нәтижесінде көршілес Бақырша, Тоғансай, Қабылсай, Ақтас елді мекендерінің қара домалақтары сапалы білім алуға жағдай жасалынды.
1969 жылы 14 мамыр күні 450 орындық мектеп үйінің және де Қазақ ССР-нің үздік Оқу қызметкері белгісімен марапаттау рәсіміне 7 күндік іс-сапармен Алматы қаласына барып, сол жақта мезгілсіз дүниеден өтті.