«Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі мемлекеттік органдарға міндет жүктеумен қатар, жастардың ертеңге деген сенімін нығайта түскені анық.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты 2023 жылдың наурыз айынан бастап жастардың санаты 14 пен 35 жас аралығын құрады. Осыған орай, республика жастарының саны 3,5 млн-нан
6 млн жасқа дейін ұлғайып отыр. Жастар саны артқанымен қатар, оларға қолдау көрсету бойынша атқарылар жұмыстардың да арта түсуі заңдылық. Бұл орайда Түркістан облысының жастардан құралған ақпараттық-насихат тобымен екі ай бұрын мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау басталған. Бұған шалғайдағы жастардың өздеріне арналған мемлекеттік қолдаулар туралы ақпараттарды жіті біле бермейтіні, ізденуге құлшыныс байқалмайтыны және NEET санатындағы жастарды білім-ғылымға, кәсіпке тарту себеп болған. Облыс әкімдігі “Жастар ресурстық орталықтары” қызметкерлерін де осындай істерге жұмылдыруға күш салып отыр. Нәтиже бар. Жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталып, белсенді насихаттың нәтижесінде құжат тапсырушылар қатары 300-ден асқан. Ал бағдарлама бойынша 594 түркістандық жоба қатысушы атанып, кәсіп игеріп, табысын арттыруы керек. Ол үшін мемлекет бюджетінен Түркістан облысына 2,9 млрд теңге бөлініп отыр. Бүгінде облыста 630 мыңнан астам жас бар. Үгіт кезіне дейін оның 56 мыңнан астамы NEET санатында тіркеліп тұрды. Бүгінге дейінгі талдауға сәйкес, 36 мың жас бары анықталды. Оның ішіне оқуға түскені, жалдамалы жұмыс істейтіні, басқа қаладағы немесе шетелдегі жастар енді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде осы жастарға білім беру, қоғамдық ортаға тарту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу бойынша әрқайсымен жеке түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың үлесін азайту мақсатында облыстағы жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар биылғы жылдан бастап жаңа форматқа ауыстырылды. Аймақтағы «Жастар ресурстық орталықтарының» мамандары ауылдарды, көшелерді аралап мемлекеттік бағдарламалар мен оқу гранттары туралы ақпарат берді. Жастарды жаңаша істерге шақырды. Нәтижесінде жастарға қатысты 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 38 мың жасты жұмыспен және оқу гранттарымен қамту жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 182 мың жасқа кеңес берілді. Бұл іс әлі де жалғасады.