Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Бәйдібек ауданында «Кәсіптік бағдар беру» жобасы аясында «Кәсібім менің жемісім» атты тақырыбында жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағыттау мақсатында семинар-тренинг өтті.
Семинар-тренинг, экскурсия мақсаты – жастарды ірі кәсіпорындармен таныстыру арқылы несие, грант алу және бизнес ашуға бағыттау. Түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, нарықтық қатынастардың тиімділігін түсіндіру. Жастарға беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау.
Өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастар үшін тамаша мүмкіндік. Себебі, мұнда:
– «Жастарға арналған 2,5 % несие»
– «Бизнестің жол картасы-2025»
– «Бастау бизнес» жобасы жөнінде ақпараттармен бөлісті.
Шараға қатысушылар алдымен жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат алып, семинар-тренингтен өтті. Атап айтқанда, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар өте көп. Түрлі жеңілдетілген несие сонымен қатар гранттар бойынша түрлі бағдарламалар бар. Осы бағдарламаларға жастар көптеп қатысып ел экономикасының дамуына үлес қосу керек.
Семинар-тренинг бағдарламасында облысымыздағы маңызды кәсіпорындарға экскурсия жасалатын болады. Өңірімізге белгілі кәсіпкерлер өздерінің аудан, қалаларында кәсіптерімен таныстырып, жетістіктері жайында айтатын болады. Егер де сізде өз кәсібіңізді ашып миллионер атанғыңыз келсе, өз аудан, қалаңызда өтетін семинар-тренигке, экскурсияға қатыса аласыз.
Өткен жылы өңір бойынша 2,5 пайызбен несие алу үшін бүгінге дейін 636 жас құжат тапсырған. Оның 434-і комиссияға ұсынылып, 243 үміткердің бизнес-идеялары қаралған. Нәтижесінде, 142 жастың жобасы мақұлданып, 62 жасқа қаражат аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр, 80 жасқа кәсібін жүргізу үшін қаражат берілді. Ал қалған 101 үміткерге несие беру талаптарына сай келмеуіне байланысты оң қорытынды берілмеген.Жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталған болатын. Жоспар бойынша, Түркістан облысында 594 жас мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізуі тиіс. Түркістан облысының әкімдігі мен аталған жауапты басқарма бағдарламаны іске асыруға 2,9 млрд. теңге қаражат бөлінгенін мәлімдеген еді.