Ескі Иқан ауылдық округінде «Р.Бердібай» ЖББМ —де «Жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және буллинг» тақырыбында 8-11 сынып оқушылары арасында кездесу өткізілді.
Шараның мақсаты жастар мен жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алу және одан шығу жолдарымен таныстыру, отбасы құндылықтарын насихаттау. Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қалыпты қарым-қатынасты нығайту.
Кездесуге Түркістан облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері полиция подполковнигі Ж.Қанапов және Сауран АПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция лейтейнаты А.Сыздыков, Сауран аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Тажыбеков, Сауран аудандық Жастар орталығының басшысы А.Дуйсенбекова және тиісті сала мамандары қатысты.
Онда құқықбұзушылықтың, әлімжеттіктің, зорлық-зомбылықтың, лудоманияның, ертежүктіліктің алдын алу, жақсы білім және тәрбие алу жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесу соңында мектеп оқушыларынан сауалнама алынды.
Бірінші кезекте, кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажет. Буллинг тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда ғана баланың қысымға ұшырағанын не қатарластарынан көргенін айта алады. Мектептегі уақыты қалай өткенін, интернетте не істейтінін сұраған жөн. Тек сабақ үлгерімі емес, баланың сезімі, қатарластарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесу қажет.
Ата-ана баласы үшін үлгі болуы қажет. Балаға айналадағы адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынаста болу керегін, қысым көрген адамды қолдауды үйретсе, оның мейірімді және өзгелерді құрметтеп өсетінін ескерген жөн.
Буллингке ұшыраған балалар көбіне мектепте не болып жатқанын ата-анасына айтуға қорқады. Сондықтан кез келген ата-ана баланың буллингтен зардап шеккенін байқауы керек. Қысым көрген баланың мінез-құлығында мынадай өзгерістер болуы мүмкін:
– өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарау;
– ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы;
– концентрацияның жоғалуы;
– тез шаршау;
– тыныштықта көп болу;
– реніш;
– өзгеден оқшаулану.
Қысымға ұшыраған балаға қалай көмектесу қажет?
Бала біреу оны ренжіткен болса, ол бұл туралы мұғалімдерге немесе ата-анасына айтуға құқылы екенін анық білуі керек. Буллингке ұшыраған бала ата-анасына немесе мұғалімдеріне не болып жатқанын өте сирек жағдайларда айтады. Сондықтан баламен ашық диалог құрып, көп сөйлесу қажет. Балаға психологиялық және эмоционалдық қолдау жасап, оның жағында екеніңізді сезіндіруіңіз керек.