Бүгін Түркістандағы облыстық «Фараб» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков атындағы оқу залы ашылды. Залдың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен зиялы қауым өкілдері, журналистер, оқырмандар және кітапханашылар қатысты.
– Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Кеңес заманында ондай адамдар аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі – көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібеков. Өзаға қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. Күреске толы өмірімен мемлекеттік қызметшілерге үлгі болып, ел үшін қайраткерлік таныта білді. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Өзбекәлі ағамыздың бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Өзағаңдай бір ғасырда бір туатын азаматтың ел есінде мәңгі қалатынына сенімдімін, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Бұдан соң Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және Әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім бастаған оқырмандар залдың лентасын қиды. Келушілерге арнайы жасақталған мемориалды бөлме таныстырылды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінен және Отырар ауданды, Өзбекәлі Жәнібек атандағы лицей-интернатынан арнайы әкелінген құнды жәдігерлер келушілер назарына ұсынылды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсынның модераторлығымен өткен конференция барысында қонақтар Өзбекәлі Жәнібек жайлы естеліктер айтты.
Кітапхана ұжымы дайындаған «Арда туған Өзағаң» кітабының тұсауы шешілді. Өзбекәлі Жәнібек жайлы мақалалар жинақталған кітаптың таныстырылымына Бейсен Тәжібаев, Жарылқасын Әзіретбергенов Досай Кенжетай, Айғаным Серім, Рахия Сүлейменқызы және өзге де руханият жанашырлары қатысты. Айта кетейік, бұл кітап «Фараб» кітапханасы ұжымының ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде шығып отыр. Кітапханашылары тұлғаны арнайы зерттеп, құнды кітапқа енгізе білген.
Шара соңында «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйінен шыққан «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабына арнайы түсірілген буктрейлер көрсетілді. Сондай-ақ осы іс-шараға ұйытқы болған кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова келген қонақтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта Өзбекәлі Жәнібек залы оқырман игілігі үшін қызмет ететін жеткізді.