Түркістан облысында 2025 жылға дейін 110 210 гектар алқапқа 170 млн көшет егу жоспарланған. Осы бағытта өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Отырар ауданында орманды молайту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, былтыр Отырар орманшылары 5700 гектар жерге сексеуіл дәнін сеуіп, биыл құмды аймақты жасыл желекке айналдырып отыр. Нәтижесінде, шөлді аймақта құм көшкіні басылып, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар көбейе түскен. Осы орайда журналистер облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында сексеуіл алқабымен танысып қайтты.
Сапар барысында орман шаруашылығына байланысты атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоспарлар айтылды. «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» орман шаруашылығы таныстырылып, сексеуіл алқабы көрсетілді.
Ең алдымен журналистер өткен жылдың көктемінде аумағы 15 гектар жерге 2 мың тоннадан аса қара сексеуілдің ұрығы себілген «Байырқұм» орманшылығындағы тұқымбақта болды. Мұнда қазіргі таңда сексеуіл 10-12 см бой көтеріп тұр. Келесі жылы бойы 25-30 см боп өскен соң, сексеуіл көшеттері қазылып алынып, арнайы дайындалған жерге отырғызылады. Жалпы жылына 10-15 см бой көтереді. «Байырқұм» орман шаруашылығы басшысының көмекшісі Бағдат Қырқынбайұлының айтуынша, сексеуілді арнайы тұқымбақтарда дән сеуіп өсіреді. Сексеуілдің өсіп-өнуі ауа райына байланысты. Егер де күн салқын болса, онда көнімділігі жоғары болады. Биылғы ауа райы жауын шашынды болуынан шалғын шөп жақсы шыққан. Мекемеге қарасты «Байырқұм» орманшылығында 300452 гектар жер бар. Оның 168600 мыңы сексеуілді алқап.
Одан бөлек Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Айдынбек Махашов өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорында 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызуды және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды тапсырды. Жалпы 2025 жылға дейін 110 мың гектарға 170 млн көшет егілуі тиіс. Өңірде 2021-2023 жылдары аралығында 51 мың 500 гектар жерге 78 млн ағаш отырғызылды. Даланы көмкерген жасыл желектің басым бөлігін сексеуіл ағашы құрайды. Қазіргі таңда облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, жоспардың тең жартысы орындалды. Созақ, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласында сексеуіл алқабы жылдан жылға артып, орман қоры кеңейіп жатыр, – деді ол.
Отырар ауданында орманды молайту шаралары жан-жақты қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Мекемеге қарасты орман қоры жерлерінде кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылы 33 мың гектар аумаққа 41 млн түптен астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Осы орайда Отырар орман КММ-не 2021-2025 жылдар аралығында 6910 гектар жерге 12 341 260 дана сексеуіл көшетін отырғызу, 26 500 гектар жерге 29 415 000 дана сексеуіл тұқымын себу жоспары бекітіліп, бүгінгі таңда жоспардың 52 пайызы толық орындалды. 2025 жылдың соңыңа дейін жоспар 100 пайыз орындалады деп күтілуде. Соңғы жылдары егілген көшеттерге тұрақты түрде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуінің нәтижесінде көнімділігі 70-80 пайызды құрап отыр, – деді «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ директор орынбасары Нұрлан Балабеков.
Бүгінде табиғат қорғаушылары сексеуіл алқабын сақтап, мүмкіндігінше кеңейтуге кіріскен. Мекемеде өткен жылы жалпы 5700 гектар жерге 7464100 дана сексеуіл көшеті отырғызылған. Биыл 2000 гектар жерге 3572 000 дана сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланып, орындалды. 6150 гектар жерге сексеуіл тұқымын себубиылғы жылдың күз мезгілінің еншісінде. Жалпы биыл 8150 гектар жерге 10 398 500 дана сексеуіл көшеті отырғызылатын болады.
Сапар барысында Түркістан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрбатыр Есанов Отырар ауданындағы сексеуіл егілген аумақтарды аралап, көнімділігі жақсы екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.
Табиғат қорғаушылардың айтуынша, сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор екен. Ең алдымен құмның көшуін тоқтатады. Себебі, 2-3 метр тереңдікке бойлаған тамырының өзі-ақ дала құмының жылжуын тосқауыл болады. Алайда ол өте баяу өседі. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс екенін жеткізеді.
Жалпы сексеуіл ағашы құмды өңірде көп өседі. Табиғаты шөлді, жері құмды келетін аймақтарға тез жерсінеді екен. Елімізде сексеуілдің үш түрі бар. Түркістан облысында соның екеуі кездеседі. Ақ және қара сексеуіл. Ал қара сексеуілдің көп бөлігі осы Отырар ауданында өседі. Отырардағы орман қоры жері 4 орманшылыққа бөлінген. Атап айтқанда, Балтакөл, Байырқұм, Шәуілдір, Қаратау орманшылықтары.
Айта кетейік, облыста сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, тұқымбақтарда сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстары қарқынды түрде атқарылып жатыр. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етеді.