Бүгін аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиынға бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде «Таза Қазақстан» экологиялық республикалық акциясының өту барысы, аудан көлемінде кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, әскери тіркелу мен әскери қызметке шақыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуы, ауылдардың санитарлық тазалығы туралы мәселелер қаралды.
Алдымен бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай баяндаса, кәсіпкерлік бағыттағы жұмыстар туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық хабарлады.
Жалпы ауданда “Таза Қазақстан” экоакциясы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, оған 1500-нан аса тұрғын қатысқан. Жалпыхалықтық шарада саябақтарда көшеттер егіліп, талдарды әктеу, түптерін қопсыту секілді жұмыстар атқарылған. Көше бойлары мен арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылып, жалпы 30 тоннадан аса қоқыс арнайы орындарға тасталған. Сондай-ақ ауданда кәсіпкерлерді қолдау шаралары мен көктемгі дала жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары тазалық, көгалдандыру жұмыстары жаппай сипатта атқарылғандығын айта келе, шашылған қоқысты жинауға емес, шашқызбауға талап күшейтілу керектігін еске салды. Сонымен қатар, әрбір тұрғын өзінің ауласына тал көшеттерін отырғызса, ауылдың көгалдануына қосқан үлесі болады. Осы жағын ауыл әкімдері түсіндіріп, жұмысты жүйелі ұйымдастыру қажет екені айтылды.
Мұнан соң аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймурзаев әскери тіркеу, әскери қызметке шақыру бағытындағы іс-шаралардың орындалу барысына тоқталып, ауыл округтерде әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыруды күшейту керектігін атап өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов әскери қызметті өткеру мемлекет тарапынан айрықша сенімділікке ие болу екенін және ол әрбір азаматтың парызы екенін айтып, аталған сала бойынша ауыл округтерінің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Аппарат мәжілісінде көктемгі абаттандыру, санитарлық тазалық және басқа да мәселелер қозғалып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.