Шымкент қаласында 21-27 мамыр күндері көкпардан жастар арасында Қазақстан Республикасының ХVIII чемпионаты аяқталды. Додаға Шымкент пен Алматы қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ұлытау облыстарынан 140-тан астам ат жалын тартып мінген жігіт қатысып, апта бойы өзара мықтыны анықтады.
Төрт команда өз топтарында көш бастап, жартылай финалда күш сынасты. Тартысқа толы өткен көкпар додасында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы финалда кездесіп, бас жүлдеге таласты. Бұл сында Түркістан облысының командасы мықтылығын дәлелдеп, чемпионаттың жеңімпазы атанды. Ал Шымкент қаласының шабандоздары «күміспен күптелсе», Атырау облысының көкпаршылары қоланы қанағат тұтты. Сондай-ақ үздік ойыншы мен жүйрік тұлпар да анықталды. Жеңімпаз болған командаға арнайы ұйымдастырушылардың атынан ақшалай сертификат пен диплом табысталды.
Осылайша, ұлттық спорт түрлерінен еліміз бойынша көш бастап тұрған Түркістан облысының ұлттық спорт мектебінің ұжымын тағы бір шыңды бағындырды. Финалда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының командалары додаға түсті. Ойын өте тартысты және қызықты болды. Есеп тек бірінші тайм аяқталар тұста ғана ашылды.
Екінші таймда түркістандықтардың екінші демі ашылып, қазандыққа 2 салым салды. Есеп – 3:0. Түркістандық команда көкпардан жастар арасындағы XVIII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Екінші орынан көрінген Шымкент командасына – 5 млн, ал жеңімпаз Түркістан облысының командасына 7 млн теңге жүлде берілді.
Еске сала кетейік, Республикалық көкпар федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және тағы басқа федерациялар бар.
Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.