Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай Темірлан ауылында Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші аллеясының» құрылысы басталды. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Armada Stroy 2020» ЖШС-і мердігер мекемесі аллеяны биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа бермек. Онда сазгердің ескерткіші, сахна, орындықтар орнатылатын болады.
Айта кетсек, Шәмші Қалдаяқов – 1930 жылы 15 тамызда Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Оның 300-ге жуық ән мұрасы бар. Бүгінде сазгердің «Ақ сұңқарым», «Ақ бантик», «Қара көз», «Қайықта» секілді әндері жұртшылық арасында кеңінен танымал. Сондай-ақ, жігерлі әрі қуанышпен шырқалатын «Бақыт құшағында», «Менің Қазақстаным», «Бәрінен де сен сұлу», «Теңіз құшағында» әндері ел арасына кең тараған. АЛ Отырар ауданындағы Мөлке Шойманов пен Ақтөбе ауылдық округтерінде мәдениет үйі салынып жатыр. Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша өткен жылы аталған екі ауылда 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған. Бүгінде Мөлке Шойманов ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты 90 пайызға аяқталған. Қазір құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар онда 150 адамға лайықталған көрермен залы мен 50 орындық кітапхана болатынын айтады. Көптен күткен жаңа нысан биыл тамыз айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Ал Ақтөбе ауылында құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйі биыл шілде айында қолданысқа берілмек.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Есімбектің айтуынша, қазір аудандағы Көксарай ауылында 200 орындық мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Жаңа Шілік ауылынан 150 орындық мәдениет ошағының жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалмақ. Жалпы Отырар ауданында 13 ауылдық округ, 38 елдімекен болса, соның 20-да мәдениет ошағы бар.