Айтулы күнде аудан орталықтарында түрлі шаралар өтіп жатыр. Мереке қарсаңында Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылдық округіндегі отбасты үлгісінде жұмыс жасайтын балалар үйі жанынан лагерь ашылды. Демалыс аймағына «Төлеби нұры» атауы берілді.
Ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, мәслихат депутаттары қатысып, балаларды шуақты мерекемен құттықтап, арман, мақсаттарының орындалуына тілектес екендерін жеткізді. Мерекелік сияпат ретінде аманаттықтар балалардың жазғы сауықтыру лагеріне автоматты кір жуу машиналарын табыстап, балғындарға тәтті сый – балмұздақ үлестірді.
Балалардың қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудандық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры, шекара қызметінің, төтенше жағдайлар департаментінің, әскери бөлімнің, экология департаментінің өкілдері, жеке кәсіпкерлер де мерекелік сыйлықтарын табыстап, балаларға қуаныш сыйлады.
Айта өтейік, мереке күні пайдалануға берілген 60 орындық шағын лагерьде балалардың сапалы демалуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Биыл балалар үйінің ашылғанына тоқсан бес жыл толып отыр. Бүгінде мұнда 70-ке жуық жас өскін бір үйдің баласындай күн кешіп, тәрбиемен қамтылуда.
АЛ Келесте 1 мамыр Халықаралық балаларды қорғау мерекесі қарсаңында Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Даму» ерекше балаларды оңалту орталығының 5 жылдық мерейтойы атап өтілді. Салтанатты шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады.
«Даму» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2018 жылы маусым айында психоневрологиялық, тірек қимыл аппараты параличі, аутизм, тіл даму кедергісі диагноздары бар 30 баламен ашылып, бүгінде 60 бала оңалту қызметтерін алуда. Оның ішінде 12 бала толықтай оңалып, мектепке барды, 17 бала аяққа тұрды, 9 бала тілі шығып, нақты сұраныс жасай алады, 12 бала диагнозы жеңілдетілген сатыға ауысқан. Орталықта білікті мамандар қызмет көрсетеді.