Бүгін 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ауданда кең көлемде тойланды. Салтанатты шарада еліміздің атын әлемге танымал етіп жүрген патриот өнерпаздарымыз «Саялы Сарыағаш» этно -фольклорлық ансамблінің жетекшісі Сәрсенбай Ахметовты аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістанда 4-маусым ҚР мемлекеттік рәміздер күнініне орай өткен «Патриоттар форумында» «Саялы Сарыағаш» этно- фольклорлық ансамблінің жетекшісі Сәрсенбай Ахметов «Патриоттар» форумының мәдениет саласы аталымы бойынша «Жыл патриоты» атанды .
Айта кетсек, «Саялы Сарыағаш» этно- фольклорлық ансамблі Қазақстан Республикасының атынан Беларусь Республикасында өтетін ХХХIV Халықаралық Ұлттық музыка фестивалінде ағымдағы жылдың 7-9 маусым күндері өнер көрсетеді.
«Саялы Сарыағаш» ұлт – аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған. Ансамбльдің репертуарында 40-тан астам шығарма бар. Ойналатын аспаптары: сыбызғы, саз сырнай, сырнай, қобыз, домбыра, шертер, бас- домбыра, шаңқобыз, асатаяқ, дауылпаз, жетіген, нар қобыз, мүйіз сырнай т.б. бар. Заман талабына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ұлт аспаптар ансамблі этно-фольклорлық ансамбль болып, халық арасында ұлттық өнердің нәрімен сусындатып, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді.
Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 33 жылға аяқ басты. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне, 32 жыл.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рәміздер аллеясында» мемлекеттік рәміздеріміздің 32 жылдығына орай мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Пірімбеков арнайы қатысты. Әнұран шырқалып, көк байрақ желбіреді.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 32 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш» деген Серік Қонысбекұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарадан соң ауданның патриот жастарының ұйытқы болуымен бастау алған автошеру арқылы бүгінгі айтулы күннің қуанышы мен қасиеті ұғындырылды. Көңілдің кіршіксіздігі іспеттес көк байрағымызды көтеріп, көшелерді аралады. Тұрғындарды мерекемен құттықтады.